10 Қаңтар 16:01

Киев Ресейге наразылық нотасын жолдады

Фото:

Украина Владимир Путиннің Қырымға жасаған сапарына орай Ресейге наразылық нотасын жолдады. Бұл туралы Twitter-де Украина СІМ-нің баспасөз хатшысы Екатерина Зеленко хабарлады.

Алматы, NEGE. Кеше Қара теңізде Ресей әскери-теңіз күштерінің Солтүстік және Қара теңіз флоттары бірігіп, әскери жаттығу өткізгенін бұған дейін хабарлағанбыз.  Қара теңіздің Қырымға жақын тұсында әскери кемелер мен ұшақтар гипердыбыстық «Кинжал» зымыранын ұшырған еді. Жаттығуды Ресей басшысы «Маршал Устинов» крейсерінде тұрып бақылаған. Шара қорытындысына арналған жиын Қырымда өтіп, онда РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу «Алға қойған мақсаттың барлығы орындалды» деген.

Украина сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Екатерина Зеленко мұны заңсыз деп атады. Оның айтуынша,  Қырым – уақытша оккупацияланған аймақ, ал Путиннің Қырымға сапары Украинамен келісілмеген.

«Бұл – Украинаның мемлекеттік егемендігі мен аумақтық тұтастығын өрескел бұзу. Біз ресейлік шенеуніктердің Украинаның территориясына, халықаралық деңгейде мойындалған шекаралары шегіне келуі заңсыз екенін тағы бір мәрте атап көрсетеміз», - деді Зеленко. Сондай-ақ, ол наразылық нотасының Мәскеуге жолданғанын хабарлады.

Тегтер: