18 Қараша 08:52

Депутат Дархан Мыңбай «ішу мәдениеті» туралы айтты

Фото:
Қайбір күні

Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай «Қазақстан халқы Қытайдан да көп ішімдік ішеді» деп, Үкімет басшылығына депутаттық сауал жолдаған. Мәжілісменнің бұл сөзі көпшіліктің назарын аударғаны жасырын емес. Шынын да халқымыз «ащы суға» әуес пе? Депутаттың өзі аздап «ұрттай» ма? Nege.kz порталының тілшісі осы және өзге де сұрақты Дархан Қамзабекұлына қойды.

Мәжіліс депутаты Д.Мыңбай. Фото: inform.kz

– Сіз бұған дейін «Қазақстан халқы Қытайдан да көп ішімдік ішеді» деп депутаттық сауал жолдап едіңіз. Сіз бұл деректі неге сүйеніп айттыңыз?

– Бұл, негізінен, ресми дерек қой. Мен оны ойдан шығарып алған жоқпын. Біздегі пандемия кезіндегі жағдайға сүйеніп айттым. Елімізде карантин кезінде арақ өнімдерін тұтыну мөлшері 21,5 пайызға артқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы дерегінше, Қазақстан халқы жан басына шаққанда бір жылда 11 литр таза спирт өнімдерін тұтынады екен. Адам басына шаққандағы көрсеткіш соңғы үш жылда 2 литрден аса мөлшерге көбейген.

Осы көрсеткіш бойынша еліміз Орталық Азия өңірінде ең көп ішімдік ішетін елге айналған. Ал әлем бойынша 34-орындамыз. Көршіміз Қырғыз Республикасы – 106, Түрікменстан – 114, Өзбекстан – 131, Тәжікстан 134-орында тұр.

Ал Қазақстан бойынша алкогольді ең көп пайдаланатын Ақмола облысы, ең аз ішетін аймақ – Түркістан облысы. Бұл өңір тұрғындары ішімдікті Ақмола облысымен салыстырғанда 20 есе аз тұтынатын болып отыр.

Шыны керек, карантин кезінде көп адам ішімдікті ем ретінде пайдаланды. Сол себепті жан басына шаққан кезде алкогольдік ішімдік ішкен адамдар елімізде көбейіп кеткен. Мен осыны азайту мәселесін көтердім.

Бұл мәселені көтерудегі түпкі себебім, облыстарда психикалық денсаулық орталығында көп адам емделіп жатыр. Депутаттық сауалымда ішімдікке қатты әуес болып кеткен адамды еңбек етуге баулуға мән беру керек дегенді айттым. Оларды мәжбүрлі түрде еңбек еткізуге ешкімнің құқығы жоқ. Оны тек сот шешімімен жүзеге асырауға болады. Менің түпкі мақсатым – ішімдікке салынған адамдарға кәсіп беріп, жұмыс істеуге баулу. Себебі орталықта жатып сіз бен біздің қалтамыздағы ақшаны пайдаланбасын деген ниет еді. Егер ол жұмыс істеп, ақша тапса, отбасына пайдалы болар еді.

Совет өкіметі кезіндегі көрнекі сурет.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі талабы бойынша, бізге адамды мәжбүрлі түрде жұмыс істетуге болмайды. Ал енді денсаулығы мықты адамның орталықта жатып, біраз уақыт өткеннен кейін қайта келіп жатқандары бар. Менің ойымша, ішімдікке салынған адамды өндіріс орындарына апарып, дуалды оқыту жұмыстарын қарастыру керек. Белгілі бір кәсіпті игеріп, білім алуға тыйым салынбаған екен. Ішімдікке салынған азаматтарды орталықта босқа жатқызбай, кәсіп игеруге мүмкіндік беруді Үкіметке ұсынғаным сол еді.

Облыс орталықтары мен шағын қалаларда қоғамдық жұмыспен айналысатын кәсіптің түрі көп. Ішімдікке салынған адамды ағаш егуден бастап, үй тазалау секілді әр түрлі қара жұмыстарды істетуге бағыттау керек еді.

Өкінішке қарай, менің депутаттық сауалыма Үкімет дұрыс жауап бермеді. «Бұл мәселеде біз жұмыс істеп жатырмыз, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз» деген жалпылама, сырғытпа жауап берілді.

Бірақ мен өз ұсынысымда бұл мәселені түбегейлі шешуді ұсынып едім.

– Өзіңіз достарыңызбен бірге немесе басқа да ортада ішімдік ішесіз бе?

– Мен мүлде ішімдік ішкен емеспін. Бірақ менің ағам және тағы басқа да таныстарым ішеді. Мәселе ішімдік ішуге тыйым салу деген сөз емес. Бірақ ішімдік ішудің де мәдениеті қалыптасуы керек. Бұл жерде араққа салынып кеткен немесе «ішімдік ішсеңіз, ковидке шалдықпайсыз» деген сөзге еріп кеткен адамдарды сақтандыру керек. Мәселен спирттік ішімдік белгілі бір ауруларға қарсы тұратын шығар, бірақ ол дәрі емес. Ғалымдардың айтуынша, ол керісінше иммунитетті әлсіретеді екен. Ал адамның иммунитеті төмендегеннен кейін аурып қалуы мүмкін.

– Арақты мөлшермен ішсе ем, артық ішсе зиян дейсіз ғой сонда...

– Мен олай айтпаймын (күлді). Бірақ ішпесін немесе ішсін деп ешкімге айтпаймын. Өйткені ішімдік ішудің өзіндік мәдениеті бар. 

– Сіз облыс әкімінің орынбасары секілді жоғары лауазымды қызмет атқардыңыз. Әр түрлі деңгейдегі қонақтарды күтіп алатын кезде ішпей қалу мүмкін бе?

– Мүмкін. Сізге айтсам сенбейсіз, бірақ мен өмірімде ішкен емеспін. Менің араласатын адамдарымның көбісі өзіңіз сияқты журналистер. Олардан сұрасаңыз, өздері айтып береді. Мен ешқашан ішкен емеспін.

– Бірақ жоғары шенді азаматтардың ішінде жақсы ішетін адамдар бар ғой?

– Әрине бар. Мәселе ішу немесе ішпеуге келіп тірелмейді. Мені араққа салынып кеткен азаматтардың жағдайы алаңдатады. Бұл мәселені көтеруіме таныс бас дәрігердің сөзі себепкер болды. Дәрігердің айтуынша, азаннан кешке дейін орталықта жатқан адамдар қалай ішуді бір-біріне үйретеді екен…

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: