29 Қаңтар 15:03

Атырау облысының бас салықшысы қалай ұсталғаны белгілі болды

Фото:

Бүгін Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қалай ұсталғаны туралы видео жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Кіріс департаменті басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

 «Ол жүйелі түрде пара алып келген деген күдікке ілінді. Алғашқы дерек бойынша, ол қарамағындағы қызметкерге қорған болуға, қызметте өсіруге уәде еткен және 10 мың доллар параның 3 мыңын алған. Сондай-ақ жеке кәсіпкерден 490 мың теңге пара алған» дейді хабарламада.

Күдіктінің қамауға алынғаны, енді оның кінәсін сот анықтайтыны тағы белгілі болды.

Естеріңізде болса, Nege.kz порталы осы мәселеге қатысты зерттеу жүргізіп, өткен жылдың 26 желтоқсанында Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына ресми сауал жолдаған. Онда мынадай сұрақтар қойылды: «Кіріс департаментінің басшысы Ғ.Досмағамбетовтің және аудит басқармасының басшысы А.Абдрахмановтың ұсталғаны рас па? Осы іс бойынша Ғ.Досмағамбетовтің орынбасары Қ.Тасмағамбетов тергеуге шақырылды ма? ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік не себепті қарама-қайшы ақпарат таратып отыр? Қылмыстық іске байланысты тергеу органына қысым көрсетіліп жатқан жоқ па? Бұл істі қадағалаушы орган бақылауда ұстап отыр ма?».

Сауалымызға 27 желтоқсанда Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары А.Саттардан мынадай үшбу хат келді: «Сіздің 26.12.2019 жылғы хатыңызға Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша тергеу жолымен тексеру жұмыстары басталғанын, бүгінгі күні күдікті ретінде ешкім танылмағанын хабарлаймын.  

Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 201- бабының талабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілуге жатпайтыны түсіндіріледі».

«Жария етілмейтін тергеп-тексеру деректері» бар екенін түсінеміз, бірақ сол кезде «күдікті ретінде ешкім танылмағаны» мен бүгін жария болған видеодағы «күдіктінің ұсталу дерегін» байланыстырудың қисынын таба алмай отырмыз...   

Тегтер: