24 Мамыр 15:40

Қазақ тілді PR қай тіл арқылы дамып отыр?

Қазақ тілді PR
Фото: Nege.kz

Алматыда екі күннен бері ХХ мерейтойлық халықаралық PR форумы өтіп жатыр.

Басқосудағы әуелгі талқыланған «Орталық Азияның коммуникациялар нарығы: трендтер мен ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбында көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріндегі ортақ дүниелер мен ынтымақтастық стратегиялардың тиімділігі сөз болды.

Алайда, біз «20 жыл: Қазақ тілді PR-дың жағдайы, жаңа көзқарас» тақырыбына тоқталуды жөн көрдік.

«Alvin Market» зерттеу компаниялары тобының директоры және «Қазақстандық қоғамдық пікір мен нарықты кәсіби зерттеушілер қауымдастығының» (КАПИОР) президенті Наталья Оспанова 20 жылдан астам уақыттан бері Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде де маркетингтік және әлеуметтік зерттеу жүргізіп келеді. Соның ішінде мамандар еліміздегі қазақ тілді аудиторияның әлеуметтік желінің қай түрін тұтынатыны жайында да арнайы зерттеу жасаған.

  ХХ мерейтойлық халықаралық PR форумы
Nege.kz

Мәселен, әлеуметтік желі бойынша алғашқы үштікте Инстаграм, Youtube, Тик-ток тұрса, қазақ тілді аудиторияның 72 пайызы бір-бірімен WhatsApp желісі, 32 пайызы Телеграм арқылы қарым-қатынас ұстанады. Одан кейін желі қолданушыларының 4 пайызы – Фейсбукте, 3 пайызы – Скайп, 5 пайызы – Вконтактеде отырады екен. Ал қазақ тілді аудитория әлеуметтік желі мен мессенджерлерді қандай мақсатта пайдаланады десек, бұған да жауап бар.

Айталық, жалпы тұтынушының 76 пайызы желіге байланыс құралы ретінде қараса, 64 пайызы мәтіндік контентті, 50 пайызы бейне контентті пайдаланады. Сол сияқты қазақтілді аудиторияның 34 пайызы контент жасаса, 25 пайызы аудио контент, 13 пайызы білім, 7 пайызы гейминг, яғни электронды құрылғыдағы ойындар үшін кіреді. Ал желі қолданушыларын интернет желісінде қандай тақырып қызықтырады?

Аудиторияның 46 пайызы (35-44 жас) салауатты өмір салты мен киім үлгісі туралы ақпаратты қараса, 29 пайызына (25-34 жас) өзін-өзі дамыту, білім алу тұрғысындағы контент өтімді. 28 пайызына (25-44 жас) діни тақырыптағы, 27 пайызына (35+) киім үлгісіне қазақтың ұлттық оюлары мен элементтерін енгізу туралы материалдар қызық көрінеді.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Меңлікүл Шындалиева «Қазақ тілді PR мамандарды оқыту проблемаларын шешу және зерттеу нәтижесіне» тоқталды. «Жоғары оқу орындарында PR мамандығына арналған қазақ тілінде оқу құралдары жоқтың қасы. Осы сала мамандарын Қазақстан бойынша онға жуық оқу орнында дайындайды. Өз зерттеуімде кітапханадағы қазақ тіліндегі оқулықтарға шолу жасадым.

 PR форумы
Nege.kz

20 пайызы журналистикаға, 5 пайызы ғана PR саласына қатысты. Көбі орыс тіліндегі оқулықтардың электронды нұсқасын оқуға мәжбүр. Биылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Е.Гумилев атындағы Еуразия университетінде PR мамандығы бойынша докторантура ашылып жатыр. Осындай үлкен қадамға барып жатсақ та, студенттерге, магистранттар мен докторанттарды қазақ тіліндегі әдебиеттермен қамтамасыз ету жағы ақсап тұр.

Мәскеуге барған сапарымда PR саласына қатысты бір зал тола оқулықты көрдім. Оларда бір пәнге қатысты бірнеше оқулық бар екен. Ал бізде әсіресе, қазақ тіліндегі оқу құралы жетпейтінін баса айтқым келеді. Бұл олқылықты бірлесіп шешу керек деп есептеймін. Тағы бір өзекті мәселе – докторантураға грант бөлінсе де, PR мамандығы жеке шифрі бар, грант бөлінген бөлек мамандық емес. Студенттер әлі күнге «Журналистика және репортер ісі» бағдарламасы аясында оқуға қабылданады. Қазір өмірімізді жарнамасыз, PR-сыз елестете алмаймыз. Сондықтан бөлек мамандық ашу керек деп санаймын», – деді өз пікірінде.

Елімізде PR саласы бойынша әлі күнге орыс тілінің мысы басым екені жасырын емес. Мұны кез келген мекеме, компания таратқан ақпараттарға қарап-ақ білуге болады. Себебі, қазақ тілінде берілетін ақпарат мардымсыз, барының өзі қойыртпақ.

  ХХ мерейтойлық халықаралық PR форумы
Nege.kz

«Бәйтерек» ҰБХ АҚ баспасөз қызметінің басшысы Жанжігіт Омархан «Мемлекеттік органдардағы баспасөз қызметінің рөлі мен орны» атты тақырыптағы баяндамасында кез келген мекеме әуелі баспасөз қызметінің орнын нақты айқындап алу керек дейді. «Неге десе, негізгі ақпаратты PR-шылар береді, негізгі шешімді PR маманы қабылдайды. Әрбір департамент директоры қай ортада, қай аудиторияда жұмыс істейтінін білуі керек. Қазір қазақ тілінде ақпарат тұтынушылардың қатары өсіп келеді.

Негізгі тұтынушы – ауылда. Ауылдың тілі – қазақ тілі. Ақпаратты алдымен қазақ тілінде беру керек» деп түйіндеді пікірін. Алайда, PR мамандары мемлекеттік тілдегі ақпаратты сауатты, сапалы беріп жүр ме? Осы сауалдың басы ашық қалды.

Бұл туралы сөз қозғай қалсақ, бәзбіреулер «Сендер әлі тіл мәселесін көтеріп жүрсіңдер ме?!» деп өзеуреп шығады. Ал бізге «калька» аударма немесе қойыртпақ емес, қазақ тіліндегі түсінікті, тұшымды ақпарат керек.

 ХХ мерейтойлық халықаралық PR форумы
Nege.kz

Youtube продюсер, медиа сарапшы Жанасыл Болатбек «Қазақ тіліндегі контент сапасыз ба?» деген тақырып аясында сөз еткенде «Жайдарман», «Қызық times», «Миллион» шоу жобалары әркезде де айтарлықтай қаралым жинайтынын жеткізді. Оның сөзінше, дәл осылар сапалы бағдарламаның санатында. Мәселен, «Жайдарман» 2023 жылы Тик-токта 105 млн қаралым жинаса, Инстаграмдағы парақшада 70 млн қаралым болған. Қазақстанда қазақ және орыс тілінде мұнымен пара-пар келетін ешқандай жоба жоқ. Ал Youtube желісіндегі бір аккаунттың өзі 32 млн қаралым жинаған.

Осы сапалы контент деп танылған жобалардың тілі – таза қазақ тілінде ме? «Жастарды тек әзілмен, шоу-бағдарламамен, әнмен сусындату керек» деп түсінетін Жанасыл Болатбек қазақ тілінің дамуына да осылар оң ықпал етеді деп сенеді. Тіл – тірі организм. Уақыт өте келе дамып, өзгеріп отырады. Бұл – заңдылық. Бірақ мұны қалыпты жағдай санап, қазақ тілін орысша араластырып сөйлеу арқылы дамыту кімге тиімді? Бұл да жауапсыз қалып келеді.