21 Ақпан 18:35
...

«ТШО» өткен жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіштерін жариялады

Фото:

Бүгін Алматыда «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Кевин ЛАЙОН жылдағы дәстүр бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қызмет көрсеткіштерін жариялады.

«Жаһандық мұнай нарығындағы жағдайға қарамастан, компаниямыз кәсіби жауапкершілік танытып, нәтижеге жетудің дұрыс жолын таңдау арқылы ТШО құндылықтарынан таймай, мықты нәтиже көрсете алды. Бұл орасан жетістіктер – біздің төрт акционеріміз бен Қазақстан үкіметінің көрсетіп отырған қолдауының арқасы, сонымен бірге қызметкерлеріміздің зор қабілеті мен адал еңбегінің жемісі», – деді Кевин ЛАЙОН.

К.Лайон.

Өткен жылы ТШО өндірген шикі мұнайдың көлемі 29,2 млн тонна болған. Өндірілген шикі мұнайдың әр тоннасына шаққандағы жалпы эмиисиялар көлемін 2000 жылдан бері 75%-ға қысқартқан.

Бұдан бөлек, шикі мұнай өндіру көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 10 пайызға өсіп, Қазақстан бюджетіне 14,5 млрд АҚШ доллар көлемінде тікелей төлем жасалған.

Қазақстандағы мұнай-химия өнеркәсібі мен ішкі нарыққа қажетті газға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. ТШО-ның бұл саладағы үлесі қомақты. Мәселен, өткен жылы ТШО өндірген газдың 87%-ы Қазақстанның ішкі нарығына жіберілген. Атырау қаласында жуырда іске қосылған «KPI» мұнай-химия кешені шикізат ретінде пайдаланатын пропан газы тұтастай ТШО-дан жеткізіліп отыр.

Қазақстанның ұлттық экономикасына компанияның қосқан үлесі зор. 2022 жылы ТШО соңғы 6 жылдағы қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды 70%-ға жеткізген. Жатық тілмен айтқанда, компания сырттан әкелінетін тауарлар мен қызмет түрлерін барынша қысқартып, отандық өндіріске және жергілікті қызмет түрлеріне көбірек басымдық бере бастады.

1993 жылы Қазақстанда жұмысын бастағалы бері ТШО ел қоржынына 176 млрд АҚШ долларынан астам қаржылық төлемдер жасаған. Оның ішінде жергілікті тауарлар мен қызметтерге жұмсалған қаржы көлемі – 43,6 млрд доллар.

Сондай-ақ бұдан отыз жыл бұрын кәсіпорын жұмысшылары арасында қазақстан азаматтарының үлес салмағы 50% болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 94,8%-ға жеткен.

Жиында Қазақстанның Еңбек Ері, ардагер мұнайшы Руслан ҚУАТОВ сөз сөйледі.

Р.Қуатов.

35 жылдан астам өмірін Теңіз кенішіне арнаған мұнайшы 1993 жылы «Теңізшевройл» ЖШС құрылған күннен бастап компанияда жұмыс істеген. 2004 жылы ол Вайомингтегі Chevron корпорациясында жұмыс істеп, 2005 жылы елге оралған соң ТШО-да мұнай өндіру технологиясы бөлімінің бастығы болып тағайындалды. 2017 жылы желтоқсанда Р.Қуатовқа ерекше жоғары дәреже – Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.

Баяндамадан соң «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. NEGE тілшісі бас директорға: «Өзіңіз білетіндей, Ресейдің Украинаға қарсы агрессия көрсетіп, соғыс ашқанына үш күннен соң бір жыл толады. Осы бір жыл компанияның жұмысына қалай әсер етті?», – деген сұрақ қойды.

«Бұл жағдайдың біздің компанияға әсері өте аз болды. Әрине, біз мұнайды Ресей арқылы тасымалдаймыз. Бірақ мұнай өндіруге және оны тасымалдауға айтарлықтай зияны болған жоқ», – деп жауап берді К.Лайон.

ТШО екі бірдей біріктірілген жобаны бір уақытта іске асырып жатыр. Ол – Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды бақылау жобасы. Бұл жобалар аяқталған соң Теңіз кен орнындағы шикі мұнай өндіру қуаты жылына 12 млн тоннаға, ал жалпы көлемі 39 млн тоннаға дейін ұлғаймақ.   

Тегтер: