24 Ақпан 16:59

«Кибербуллинг қақтығыс». Мұнай сатқандар мен сақтағандар НЕГЕ шекісіп қалды?

Фото:

Қазақстанда дауласқан тараптар бір бірін айыптау мен өз беделін қорғаудың жаңа түрі – кибербуллингке, яғни интернетте қаралауға көшкен секілді. 

Алматыда журналистерді жинап баспасөз жиынын өткізген қоғамдық ұйым өкілдері өздері қорғап жатқан компания төңірегіндегі мәселені осылай сипаттайды.

Даудың басы Маңғыстау облысындағы «Terminalex» дейтін ЖШС мен «БатысНефтеТрэйд» деп аталатын компанияның арасындағы текетірестен басталады. Бір жарым жылдан бері соттасып жүрген қос тарап туралы соңғы кездері ақпарат құралдары мен танымал блогерлер жиі айта бастады.

Ал олардың дауы еліміздің мұнай саласындағы ірі көлемдегі ұрлықтың жолын кесуді көздеген арнайы қызмет органдарының ауқымды операциясымен байланысты.

Ақтөбе мен Қызылордада мұнай ұрлап байып келгендерді құрықтаған күш құрылымдарының назарына Маңғыстаудағы «БатысНефтеТрэйд» компаниясы да ілігеді.  Мұнай контрабандасымен айналысады деген күдікпен бұл компанияның «Terminalex» ЖШС-дегі резервуарларда сақталған мұнай өнімдерімен қоса, мұнай сақтаумен айналысатын серіктестіктің де барлық мүлкін бұғаттайды.

«Қызық осы жерден басталады», – дейді «Terminalex» ЖШС заңгері Евгений Братусь. Оның сөзінше, «БатысНефтеТрэйд» өкілдері мұнай базасының басшылығына бұғатталған мұнайды өздерінің жауапкершілігімен тиісті жерге жолдауын сұрайды. Тіпті тергеу органдарынан «қарсы емеспіз» деген сыңайдағы тілдей қағаз да көрсеткен. Бірақ «Terminalex» басшылығы бұлай істеуден бас тартады. Себебі трейдердің мұнайына сот бұғат салғандықтан, рұқсатты да сот беруі керек деп санаған.

Өзара келісе алмаған бұрынғы бизнес серіктер  қылмыстық іс аяқталысымен бірін-бірі сотқа береді. «БатысНефтеТрэйд» бұрынғы әріптесінің қоймасындағы 13,7 мың тонна мұнай өнімін өзіне қайтаруды талап етеді. «Terminalex» ЖШС алдымен ірі көлемдегі айыппұл мен өсімпұлды төлесін деген шарт қояды.

«Өйткені 2017 жылғы келісімшарт бойынша  «БатысНефтеТрэйд» өнімді сақтау келісілген мерзімнен асып кетсе, белгілі уақытта қоймадағы мұнайдың бір бөлігі жөнелтілмесе, айыппұл төлеуге келіскен», – дейді «Terminalex» заңгері.

Е.Братусь

Бұл қоймалардың бос тұрмауы, түрлі жағдайдан компания зиян шекпеуі үшін қарастырылған келісім екен.

Бірақ осы келісімшартқа қол қойған «БатысНефтеТрэйд» кейін міндеттемесін орындаудан, компанияға келген шығынды өтеп беруден бас тартады.

2019 жылы өткен алғашқы сотта «БатысНефтеТрэйд» жеңіп шығады. Бір ай өткен соң дәл сол Маңғыстау облыстық ауданаралық экономикалық соты «Terminalex» компаниясына бұрынғы әріптесінен 900 млн теңге өндіріп алу туралы талабын қанағаттандыру туралы шешім шығарады. Екі жақ соттасып жүріп Жоғарғы Сотқа дейін бір-ақ жеткен.

«Ең соңғы сот сатысында «БатысНефтеТрэйд» жеңілді», – дейді «Terminalex» ЖШС заңгері Братусь.

«БатысНефтеТрэйд» Жоғарғы Соттан кассациялық шағымын да қайтарып алды. Оны қарау мерзімі де өтіп кетті. Яғни олар қарызды өндіріп алу туралы сот дауында жеңілгендерін мойындады. Бірақ компанияның алдындағы қарызын төлеуден, сот шешімін орындаудан бас тартып келеді. «Terminalex» ЖШС мен сот орындаушысы борышкердің біздің қоймада жатқан мұнайынан өзге не ақшасы, не мүлкі жоғын анықтады. Сол себепті қарызын ақшамен қайтара алмаса, қоймадағы мұнаймен есептессін деген шағыммен сотқа арыз жаздық. Соның өзінде ол қарызды толығымен жаба алмайды».

Дәл қазір «БатысНефтеТрэйд»  «Terminalex» ЖШС-нен бөлек кем дегенде 8 бизнес әріптесіне қарыз көрінеді. Сөйте тұра, бұл компания бізді қоймасындағы мұнайымызды бермей отыр деп көпе-көрінеу айыптауда дейді.

«Біздің басымыздағы жағдай Қазақстандағы кибербуллингтің жарқын көрінісі. Қарсы тарап бірнеше рет баспасөз жиынын өткізіп, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы «Terminalex» компаниясын біреудің мүлкін күшпен, рейдерлік тәсілмен алып қойды деп айыптады. Олар бізді әкімшілік және жемқорлық байланыстарын пайдалана отырып осындай бассыздыққа баруда деп мәлімдеді. Даудың шын себебін түсіндірместен, өздерін ақтап, бізді қаралауда», – дейді компанияның Бас директоры Айдынбек Жүсіпов.

Бұл шынымен кибербуллинг пе? Баспасөз жиынын ұйымдастырушылардың бірі – «Ар-Бедел» кибербуллингпен күрес қорының жетекшісі Надежда Янчук бұл сауалға екіұшты жауап береді.

Н.Янчук

«Бұл жерде кибербуллингтің бір белгісі болуы мүмкін. Кибербуллинг – қазіргі байланыс, ақпарат құралдарының көмегімен қудалау, қаралау. Қазір «Terminalex» компаниясына қатысты материалдарды әлі зерттеп жатырмыз. Сондықтан кесімді түрде айта алмаймын. Дегенмен мұнда кибербуллинг белгісі болуы әбден мүмкін».

Мұнайды бөлісе алмаған қос компанияның шаруашылық дауы ақпарат құралдарында кең таралуы шынымен де қызық. Екі тарап та бір бірін биліктің бишігін білегіне ілген жоғарыдағы таныс-тамыр, сүйеушісінің көмегімен дауды қоздыруда деп айыптайды.

Ал бізді таңдандыратыны – сот шешімдерінің орындалмауы. Әлде шынымен де дауласқан қос тараптың бірінің ар жағында ықпалды әлдекімнің құлағы қылтия ма?

Тегтер: