24 Маусым 20:39

Қарағандылық талапкерді АҚШ университеттері шақырып жатыр

Фото:

Қарағандылық Балнұр Түленованы АҚШ-тың төрт университеті оқуға шақырып отыр. Ол халықаралық емтихан тапсырып, нәтижесін бірнеше университеттің жалпы базасына жіберген. 

Алматы, NEGE. Балнұр Түленова Қарағанды қаласының Нығмет Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатын бітірген.

«Менің тұлға ретінде қалыптасуым отбасымда басталды. Ата-анам маған сын-қатерді қабылдап, қорқыныш және кемшіліктермен күресу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасау керек деп тәрбиеледі. Бала кезімнен бастап анам мен әкем маған әрдайым бәсекеге дайын, бірінші кезекте өзіммен күресуді, әрқашан жоғары деңгейге шығуды үйретті. Ал өмірлік жағдайлар ата-анамның маған үйреткен дағдыларын дамытуға, жеке басымның қалыптасуына және кім болғым келетінін түсінуге мүмкіндік берген серпін болды», - дейді Балнұр. Бойжеткен орыс, қазақ, француз, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген. Оны экономика, әлеуметтану және жаратылыстану ғылымдары қызықтырады. «Шетелдік университеттер болашақ студенттердің өзіндік дамуына, мотивациясына, ішкі сипаты мен дүниетанымына үлкен мән береді. Менің мотивациялық хатымды оқып, олар таң қалды. Бес тілді білуден басқа, мен filmmaking and photography-мен, сондай-ақ экологиялық жобалармен айналысамын, математика бойынша олимпиадаларға қатыстым. Айналысатын және оқитын дәрістерімнің тізімі ауқымды. Университеттер тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан жастарды іздейді. Бойымда армандарымды жүзеге асыру үшін жеткілікті күш, білім және мүмкіндіктер болса деймін. Болашақта өз бизнес-жобаларымды жүзеге асырғым келеді», – деді Балнұр Түленова.

10-сыныпта ол халықаралық емтихан тапсырып, нәтижесін университеттердің жалпы базасына жіберген. Көп күтпестен оған оқуға шақыру келді. Балнұр Род-Айленд штатының университетіне тоқталды. Бұл оқу ордасында білім алу құны – жылына 80 мың АҚШ долларына дейін. Сәтті тапсырылған емтихан қарағандылық түлекке тегін оқуға мүмкіндік берді.

Тегтер: