21 Маусым 15:56

Бердібек Сапарбаев: Бюджеттен бір тиын шығын болған жоқ

Фото:

2020 жылы 7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында туындаған тұрмыстық кикілжің жаппай тәртіпсіздікке ұласып, бірқатар үй мен кәсіпкерлік нысандар қираған болатын. 

Қордайдағы қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізілді? Бюджетттен қанша қаражат жұмсалды? Nege.kz сайтының тілшісі жолдаған осы сауалдарға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді. 

Бұл жөнінде бірнеше рет мәлімдегенін тілге тиек еткен өңір басшысы қалпына келтіру жұмыстарының толығымен аяқталғанын жеткізді. Айтуынша, шығындардың барлығын демеушілер көтеріп алған. 

«Қазіргі таңда Қордай ауданындағы бұзылған, өртенген үйлер мен бизнес объектілердің барлығы толығымен қалпына келтірілді. Бюджеттен бір тиын ақша шығын болған жоқ. Барлық қаржы демеушілердің, кәсіпкерлердің көмегімен жұмсалды», – деді Сапарбаев. 

Қақтығыс кезінде Масаншы, Бұлар батыр және Аухатты ауылдарында 65 нысан зақымданды, оның ішінде 46 тұрғын үй, 18 коммерциялық ғимарат, 1 қосалқы ғимарат және 62 көлік (47 жеңіл машина, 9 жүк көлігі, 2 трактор, 4 тіркеме). Олардың бәрі мемлекет және демеушілер тарапынан қалпына келтірілгенін аудан әкімі Рүстем Дәулет баяндаған болатын. 

«ҚР «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сәйкес, ең алдымен тұрғын үй өтелуге жатады. Осыған байланысты сметаны қайта есептеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 213 млн теңгеге 54 жылжымайтын мүлік нысаны жөнделді. Бүгінгі күні 51 нысанның құрылысы басталған (40 үй, 11 коммерциялық), 39-да (30 үй, 9 коммерциялық) құрылыс толығымен аяқталды. Қалған 12 (10 үй, 2 коммерциялық) нысанда жұмыс 80% -ға орындалды. Құрылыс жұмыстарына бөлінген 213 млн теңгенің 175,4 млн теңгесі жұмсалды» – деген еді Рүстем Дәулет.  

Тегтер: