29 Наурыз 13:33

Баукеспе барымташылар 25 айғырды қалай ұрлаған?

Фото:

Наурыз – жыл басы ғана емес, ұры-қарының да тақым қысатын кезеңі. Өткен жылы дәл осы уақытта Түркістан облысында жанынан безген барымташылар 25 айғырды қорадан ұрлап әкеткен болатын.

Осы қылмысты ашып, жоғалған малды иелеріне дін-аман қайтарған – Төле би аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері.  NEGE.kz тілшісі полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаевпен тілдескен еді.

Б.Жанаев

– Бауыржан Дәулетханұлы, бұл өзі бір қызық оқиға екен, ұрылар неге тек айғырларды көздеген?

– Бәрі түгел айғыр емес, арасында аттар да бар. Бірақ негізінен басым бөлігі – айғырлар. Оның себебі біздің өңірде қазақтың көкпар ойыны ерекше дамыған. Көптеген жігіттер астындағы сәйгүлігін сылаңдатып баптап ұстайды. Қыстан қоңды шығарады.

– Демек, жоғалған жүйріктер үйірдегі айғыр емес қой?

– Иә. Біз жақта көкпар үшін үйінде айғыр ұстайтындар көп.

– Сонда барымташылар ұрлықы малды сіңіріп аламыз деп ойлаған ба?

– Жоқ, олар сойып сатпақ болған.

– Жоғалған жылқының арасында аса құнды, асыл тұқымды жылқылар да бар ма еді?

– Жылқылардың ең төмені 500 мыңға бағаланды. Алғаш бізге арыз түсірген Төле би ауданы Қаратөбе ауылының тұрғыны 7 жасар айғыры мен 5 жасар атының жоғалғанын айтып, 1 миллион теңге шығын шеккенін мәлімдеген. Жалпы, жапа шеккендер арасында айғырын 800 мыңға, 1 миллионға, тіпті 1,5 миллионға бағалаған тұрғындар да кездесті.

– Жоғалған малды қалай таптыңыздар?

– Ең алғашқы ұрлық 24 наурыз күні тіркелді. Біз іздеу шараларын бірден қолға алғанымызбен, өкінішке қарай, жедел таба алмадық. Сосын бірнеше ай бойы жағдай тыныш болды. Маусымның 10-ы күні тағы да Қаратөбе ауылынан айғыр жоғалды. 14-і күні Жамбыл ауылынан 3 жылқы қолды болды. 19-ы күні Жаңатұрмыс тұрғындары арыз түсірді. Бұл ауылдан 2 айғыр ұрланған. Шілдеде Жаңаұйым ауылында тағы да мал ұрлығы тіркелді.

– Наурыздан шілдеге дейін 3-4 ай. Бұл мал ұрлығын ашу үшін тым ұзақ емес пе?

– Біз үшін ең маңызды мәселе, жоғалған малдың қайда тұрғанын анықтау еді. Бұл тұрғыда көптеген тексеру-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Аудан аумағынан тыс жерде болғандықтан мұны білу біршама уақыт алды.

– Сонда мал қайдан табылды?

– Осыны анықтағанда, ұрылардың сонша неге еркінсігені де белгілі болды. Олар ұрланған малды Сайрам ауданына жасырған. Және ұрылар Төле би ауданы тұрғындары емес, Сайрам мен Түлкібастың адамдары болып шықты. Олар біздің ауданның жұртынан бөлек, Сайрам, Түлкібас, Ордабасы аудандарының да шаруаларын зар қақсатқан. 25 жылқы бір қорадан табылды.

– Сойып сатып жібермей неге ұзақ ұстаған?

– Бұған ең біріші себеп – карантин. Білесіздер, өткен жылы дәл осы уақыттан бастап қатаң карантин шаралары енгізілді. Мейрамхана мен кафелер жұмысын тоқтатты. Яғни, олардың ет алушылармен келісімдері ұзаққа созылып кеткен. Екіншіден, тағы да семіртіп, көбірек пайда тапқысы келгендері анық.

– Жоғалған жылқылар иелеріне семіріп қайтты дейсіз ғой...

– Иә, солай. Қолды болған жылқылар сойысқа дайын күйінде иелеріне қайтарылды. Жоқ іздегендер тегіс разы болды. Полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді. Себебі көпшілігі малынан күдер үзуге айналған екен.

– Биыл Төле бидің айғырлары түгел шығар...

– Осы оқиағадан кейін мал ұрлығы бірден азайды. Мініс аттарының ұрлану дерегі тіркелмеді.

Тегтер: