8 Қыркүйек 12:09

Балалар үйінен 25, 9 млн теңге жымқырылған

Фото:

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі балалар үйінен жымқырылған ақшаны анықтады.

Алматы, NEGE. Қаржылық мониторинг агенттігі балалар үйінен 25,9 миллион теңгені жымқыру дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың барлық құқықтарын қорғау және қаржылық қамтамасыз ету әрқашан Қаржылық мониторинг агенттігінің басты назарында.

Қазіргі уақытта «Qamqor» жедел алдын алу іс-шарасы аясында агенттік елордалық балалар үйлерінің бірінде жетім балаларға азық-түлік сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Тергеу осы мекеменің директоры мен бас бухгалтері сатып алу ережелерімен қарастырылған процедураларды өткізбей, басқаруындағы үлестес кәсіпорынмен азық-түлік жеткізуге шарттар жасағандығын анықтады. Бұл ретте, компанияның нақты иесі бас бухгалтердің бұрынғы жұбайы болып табылады.

2019-2020 жылдар кезеңінде жасалған шарттар бойынша лауазымды тұлғалар аталған компания арқылы бөлінген 130 млн теңге бюджет қаражатынан жетім балаларға азық-түлік сатып алуға бөлінген 25,9 миллион теңгені жымқырған.

«Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды» делінген хабарламада.

Тегтер: