21 Желтоқсан 08:38

7 ойын-сауық мекемесі жұмысын тоқтатуы мүмкін

Фото:

Елордада карантин талаптарын жиі бұзатын ойын-сауық мекемесі жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Нұр-Сұлтан, NEGE.  Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына барлығы сегіз материал жолданған. Атап айтқанда, «SOVA» және «Жаным Сол» караоке бары, «ALANYA» түнгі клубы, «Echo» бары, «ZOLOTO» мейрамханасы мен «Сторис» лаундж-барына қатысты деректер, «Teqila» лаундж-барына қатысты екі хаттама жолданды.

«Десе де, «Teqila» лаундж бары, «ZOLOTO» мейрамханасы, «ALANYA» түнгі клубы (Манас көшесі, 9/1) карантин талабын бұзуды жалғастыруда. Өткен демалыс күндері аталған объектілерге қатысты шағымдар қайта келіп түсті. Жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, олардың барысында талап бұзу фактісі расталды. Тексеру нәтижелері бойынша материалдар қосымша дәлел ретінде әкімшілік сотқа жіберіледі», – деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева.
Бұдан бөлек, мереке күндері «Mega Silk Way» СОО-да «Kango» батут орталығына және Тұран даңғылы, 21-інші үйдегі «Icon» клубына қатысты қайта шұғыл хабарлама келіп түсті. Бұған дейін аталған нысандарға бұзушылықтарды жою туралы ескерту берілген болатын. Енді осы нысандарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама әкімшілік сотқа жіберіледі.

«Естеріңізге сала кетейік, қалада бизнес субъектілеріне карантин және шектеу шараларының сақталуын қадағалайтын мониторинг жүргізілуде. Шілде айынан бастап осы уақытқа дейін талап бұзғаны үшін 261 296 654 теңге сомасына жеке, лауазымды және заңды 1 297 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деді қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Тегтер: