9 Ақпан 08:09

Мамин – 99!

Фото:
«Қазақстандықтардың 99 пайызы интернетпен қамтылған».

Қазақстан үкіметінің басшысы Асқар Маминнің Алматыда өткен «Digital Almaty» деп аталған форумда осылай деп айды аспанға шығарды.

Мамин бәлкім форумға келген әріптестері: РФ, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Өзбекстан үкіметінің басшылары алдында осылай мақтанып қалайын деді ме, кім білсін, әйтеуір бұл санды естіп айран-асыр болдық.  

 «Шектеулерге қарамастан, біз цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша күш-жігерімізді жеделдеттік. 2020 жылы 20 мың шақырым  талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жобасын аяқтадық. Мыңнан астам мобильді байланыстың базалық станциясы орнатылды, бұл өңірлердегі технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай төмендетті. Нәтижесінде бүгінде Қазақстан халқының 99 пайызы интернетпен қамтылды», – деп мәлімдеді премьер-министр.

Мамин қандай 99-ды айтып отыр? Өйткені шалғай өңірлерді былай қойғанда Алматының Алатау ауданында, оның ішінде Мәдениет ықшамауданында әлі күнге интернет жоқ. Ел сапасы көңіл көншітпейтін мобильді интернетке байланғанын біле ме?

Ал республиканың барлық облысынан интернет түгілі, мобильді байланыстан мақұрым қалған ауылдардың барына үкімет басшысымен бәс тіге аламыз. Сол ауылдың тұрғындары редакцияға хабарласып, көмек сұрайды. Коронавирус індеті мен онымен байланысты карантин шараларына дейін интернетсіз де бірдеңе қылармыз деп келген ағайын жаны қысылған соң ғана жанайқайын жеткізуде. Өйткені мектеп атаулы онлайн, қашықтан оқуға көшкелі маза кеткен.

ШҚО әкімі Д.Ахметов

Оған бір мысал: ШҚО Абай ауданына қарайтын Саржал дейтін ауылда мектеп жасындағы 300-ден астам бала жарты жылдан бері интернеттің жоқтығынан мүлдем дерлік оқуды қойған. Яғни, соншама бала ертең сауатсыз ұрпақ қатарын көбейтеді. Аудан орталығынан 90 шақырым жерде орналасқан осындағы ең ірі ауылдың бірі интернетті қойып, кәдімгі мобильді телефон байланысына да жарымай отыр. Оған ауыл тұрғындарымен телефон арқылы сөйлескенде көз жеткіздік.

Ауылдағы мектеп, емхана және Мәдениет үйі секілді үш-төрт жерге интернет орнатылған. Мәдениет үйіндегі алты адам ғана сыятын интернет нүктесіне таңалагеуімнен ауылдың мұғалімі, оқушысы мен студенті топырлап кезекке тұрады екен. Ауылға қойылған мобильді байланыс белгісіз себеппен дұрыс істемейді, ал 3G, 4G дегенді мұндағылар тек теледидардан сөйлетін шенділердің аузынан ғана естігені болмаса, оның қызығын көру арман боп тұр.

Сонда мұндағылар қайлай оқиды дерсіз? Айтайық. Жергілікті мұғалімнің айтуынша, күн сайын оқушылардың әрқайсына телефон шалып, тапсырма береді екен. Бір сыныпта 25 бала бар десек, сонда мұғалім 25 мәрте телефон шалып, соншама рет ауызы көпіріп тапсырманы түсіндіруге мәжбүр.

Ал тапсырманың орындалған-орындалмағанын қалай тексереді? Мұғалімнің баланың санасы мен жауапкершілігіне үміт артудан басқа амалы жоқ. Ауылдағы бастауыш сынып пен биыл бітіретін сынып оқушылары ғана мектепке барып оқып жатқан көрінеді. Бірақ қатаң карантин қайталанса, олар да осындай күй кешері анық.

Фото: vlast.kz

Жүздеген оқушының білімнен қағылғаны, бүтін бір ауылдың интернетсіз қалғаны қалай? Бұл проблема қашан шешіледі деген сұрақты Абай ауданы әкімдігіне қойдық. Телефон арқылы өзін аудан әкімінің орынбасарымын деп таныстырған Мейіржан Смағұлов бұдан хабардар екенін, бұл мәселені тек облыс, тіпті республика басшылығы деңгейінде ғана шешу мүмкін екенін, аудан басшылығы күндіз-түні осы жағдайды облыс басшылығына хабарлап отырғанын айтты. Сөйтсек дәл осындай жағдай аудандағы тағы екі ауылдың басында тұрған көрінеді. Ал қашан шешіледі деген сұрағымызға: «Тап қазір бір-екі айда шешіледі дей алмаймын» деп күмілжіді.  

 

Жақында тілшіміз Алматы облысының Шонжы ауылында болды. Сол жердегі мұғалімдермен сөйлескенінде дәл осындай жағдайды естіген. Кетпен тауының етегіндегі бірқатар шағын ауылда мобильді байланыс ұстамайды. Ол жақтағы мектеп жасындағы кей бала да мобильді байланыс, интернет жоқтығынан сабақтан қол үзіп қалған.

Ал Жамбыл облысының кей ауданында мұғалімдер аудандық білім басқармасына есеп беру үшін, электронды күнделік жүйесіне кіру үшін күнде ауылдан 15 шақырым жерге ұзап шығуға мәжбүр екенін естігенде жағамызды ұстағанбыз. Күнде әрі-бері сандалудан шаршаған мұғалімдер арасынан көлігі бір адамға айына 500 теңгеден беретін болып келісіпті. Әлгі адам бәрінің логин, парольдерін жинап алып, күнде интернет ұстайтын жерге қатынайтын көрінеді.

Атырау облысындағы үйдің шатырының үстіне шығып сабақ оқыған балалардың жағдайын да бүкіл ел көрді. Осыдан соң «Қазақстан халқының 99 пайызы интернетпен қамтылды» деп айтуға премьердің моральдық қақы бар ма, жоқ па?! Әлде біз тізбелеген сорақы жайттың бәрі әлгі 1 пайызға кіре ме екен? Бұл әңгімені интернет қуалап тау-тас кезіп кеткен, шатырда отырған, ағаштың басына қонақтауға мәжбүр оқушы балалар естімесін. Онсыз да тозған жүйкелері сыр берер. 

Әй, бірақ қайдам, тасбақаның жылдамдығындай интернет байланысын олар жаңалық оқуға шығындамайтын да шығар.

Тегтер: