27 Желтоқсан 19:37

Құлаған ұшақ Ауғанстан мен Африкада қайдан жүр?  

Фото:

Алматы әуежайынан көтерілген кезінде апатқа ұшыраған Bek Air  әуе компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағының зауыттан шыққанына 23 жыл болған. 

Ұшақтың ең алғашқы иесі ретінде Тайванның Formosa Airlines әуе компаниясы көрсетілген. 1999 жылы сол елдің басқа әуе компаниясы Mandarin Airlines меншігіне өткен. 2009 жылы ұшақ Lufthansa құрамындағы Германиядағы ішкі рейстерге ұшатын Contact Air әуе компаниясына тіркелген. Кейін OLT Express (Германия) дейтін компания алған. 2013 жылы ұшақты Bek Air сатып алып, UP-F1007 борт нөмірімен тіркейді.

Әуе ұшақтарының тарихын тізбелеп отыратын халықаралық ұйымдардың сайттарындағы мәліметтер бойынша, Bek Air  бұл ұшақты бірнеше мәрте жалға бергенін көруге болады. 2016 жылы UP-F1007 штурвалына Ауғанстанның Kam Air әуе компаниясының ұшқыштары отырған. Тағы біраз уақыттан соң бұл ұшақ ауғандық тағы бір компания – Safi Airways-ке қызмет көрсеткен. 2018 жылдың 11 желтоқсанында Air Djibouti дейтін африкалық әуе компаниясына лизингке берілген.

Ең қызығы, африкалық әуе компаниясына жалға берілген ұшақ сол уақытта Алматы-Астана бағытында жолаушылар тасымалдаған. Flightera.net cайтындағы аталған ұшақ пен оның атқарған рейстері туралы мәліметтерде осылай көрсетілген.

planespotters.net сайтында жарияланған фотосуреттердегі жазбаларға қарасақ, бұл ұшақ Алматы – Анталия бағытында да ұшқанға ұқсайды. Алайда бұл жаңсақ та болуы мүмкін. Өйткені Алматы мен Анталияның арақашықтығы 3 939 шақырым деп көрсетілген. Ал қысқа және орта қашыққа ұшуға арналған Fokker 100-дің ең ұзақ ұшу межесі – 3 111 шақырым.      

flightera.net сайты берген мәліметке қарағанда, апатқа ұшыраған ұшақ желтоқсан айында 88 мәрте әуеге көтерілген. Күніне орта есеппен 5-6 рейс жасаған.

Әділ Ұзақбай

Тегтер: