12 Желтоқсан 17:54
...

Банктер туралы жаңа заңда қандай өзгерістер қамтылады?

Мадина Әбілқасымова
Фото: gov.kz

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының алаңында «Банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасын әзірлеу тәсілдерін талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.

Астана, NEGE. Іс-шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Агенттік Төрағасының орынбасарлары, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің Төрағасы Елена Бахмутова, екінші деңгейдегі банктердің басшылары, сарапшылар қатысты.

Агенттік жаңа заң жобасын Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтылған тапсырмасы бойынша әзірлеуде. Президент экономикалық белсенділікті ынталандырудың және қаржы-технологиялық сектордың одан әрі серпінді дамуының өзекті міндеттеріне жауап беретін заңды әзірлеу қажеттілігін атап өтті.
Жаңа заңды әзірлеудің негізгі тәсілі банктерді реттеудің артық немесе ескірген нормаларын тексеру болады.

Банк
Фото: gov.kz

Банк секторында қаржылық технологиялар мен инновацияларды енгізу үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері қаралатын болады. Сонымен бірге «реттеуші орта» шеңберінде жаңа қаржылық қызметтер мен технологияларды сынақтан өткізу үшін қол жетімділік жеңілдетілетін болады.
Сонымен қатар Агенттік базалық және әмбебап банктік лицензияларды енгізу мәселесін пысықтауда.

Қазіргі уақытта Қазақстанда лицензияның бір түрі (әмбебап) көзделген және барлық банктер үшін бірыңғай талаптар белгіленген. Халықаралық тәжірибе микро және шағын бизнесті кредиттеу үшін банктер үшін төмендетілген реттеушілік талаптарды белгілеуге болатынын көрсетіп отыр.

Банктер мен қарыз алушылардың мүдделері арасындағы ақылға қонымды теңгерімді сақтау шеңберінде банктердің қаржылық қызметтерді тұтынушылармен өзара әрекеттесуі кезінде іс-қимылды қадағалау тетіктерін енгізу жоспарлануда.
Сондай-ақ жаңа заң аясында дәстүрлі банктерге исламдық қаржылық өнімдерді ұсыну мүмкіндігін беру қарастырылады.
Банк жүйесінің орнықтылығын арттыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында төлемге қабілетсіз банктерді реттеу жүйесі реформаланатын болады. ХВҚ ұсынымдарын ескере отырып, Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Агенттіктің рөлдерін нақты айқындаумен мемлекеттік қаражатты пайдалану шарттарын қатаңдату, мемлекеттік қолдау толық қайтарылғанға дейін дивидендтер мен бонустарды төлеуді шектеу, сондай-ақ реттеу жоспарларына және капиталға айырбасталатын міндеттемелердің ең төменгі деңгейіне (TLAC) қойылатын талаптарды енгізу жоспарлануда.

Банктер
gov.kz

Талқылау барысында қаржы нарығының өкілдері мен сарапшылар халықаралық тәжірибені ескере отырып, заң жобасына енгізу үшін түрлі ұсыныстар айтты. Олар жұмыс топтарында құжатты талқылап, жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Заң жобасын жаңа редакцияда әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы биыл қазан айында құрылды.

Қазір Агенттік қаржы нарығы қатысушыларынан және сарапшылардан ұсыныстар жинауға кірісті. Сонымен қатар халықаралық тәжірибеге талдау жүргізіліп, заңгерлер мен экономикалық мәселелер бойынша консультанттар тартылды.