3 Қыркүйек 09:52
...

«Ауыл аманаты»: Кеген ауданында қалай жүзеге асты?

ауыл шаруашылығы
Фото: ғаламтордан

Елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты түрлі бағдарлама мен жоба қабылданды.

 Алайда, нәтижесі қаншалықты? Нәсібін жер мен малдан тауып отырған шаруалар оның игілігін көрді ме? 2021 жылы қабылданып, 2025 жылға дейін тиімділігін көрсетуі тиіс Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаның да аяқталуына бір жыл қалды.

Мақсат – ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есе арттырып, елімізді отандық азық-түлікпен қамтып, бәсекелестік кешенін құру. Ұлттық жобаның алдын ала болжанған жоспарына көз жүгіртсек, өңделген өнім 70 пайызға, агроөнеркәсіп өнімінің экспортын 6,6 млрд долларға  жеткізу көзделген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыскерлердің жалақысын 230 мыңға көбейтіп, 500 мыңға дейін адам тұрақты жұмыспен қамтылады делінген. Бұған бағытталған қаржы да аз емес. Мәселен, биыл жартыжылдық есепке сәйкес, Агроөнеркәсіптік кешен және «ҚазАгроҚаржы» аграр саласына 407,8 млрд теңге бөлінген. 

Бір кездері ауыл және мал шаруашылығын дамыту ісі мықтап қолға алынғанда шаруалардың да жұмысы ілгері жүріп, кәсібі өрге жүзген. Істің көзін тапқаны мемлекеттен берілген мүмкіндікті қалт жібермей, субсидия алып та әрекет етті. Енді бірі «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, ауыл және мал шаруашылығы бойынша қаржыландыруға ие болды.

NEGE тілшісі Алматы облысы, Кеген ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асу тетігін Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлынан сұрады. Оның айтуынша, биыл ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде берілетін несиеге 156 азамат ие болған. «Аудандағы 156 тұрғын барлығы 1 млрд 286 млн 710 мың теңге алды. 

Оның ішінде кооператив құрып, несие алғаны да бар. «Ауыл аманаты» жобасы қаржыландыру бағытын өсімдік шаруашылығына (бір адамға – 8,3 млн теңге), ауыл шаруашылығы кооперативін жабдықтауға – 15 адамға 377, 7 млн теңге, мал шаруашылығы бойынша – 133 адамға 857, 2 млн теңге, ал басқа бағытты дамытқысы келген 7 адамға 43,5 млн теңге берілді. Демек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы нәтижесінде жеңілдікке ие болған жергілікті тұрғындар қатары көбейіп жатыр деген сөз. Бұл шаруалардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, қаржылық әлеуетін көтеруге берілген таптырмас мүмкіндік», – дейді әкім орынбасары.

Кеген ауданы әуелден ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық береді. Табиғаты әсем, топырағы құнарлы мекеннің халқы да еңбекқор. Мұндағы 30 мың гектардан асатын егістік алқабының 7193 гектарына дәнді дақыл егіледі.

 Биыл өнім көлемі де көңіл қуантады. «Айталық, 3 мың 302 гектар жерге егілген жаздық бидай 7056 тонна түсім берсе, жаздық арпа 7 мың 273 тонна, 125 гектар жерге себілген күздік арпа да дәл осындай көрсеткішке жетеғабыл.

 Одан басқа 691 гектар жерге егілген картоптан 14 мың 407 тонна өнім алынса, 134 гектарға шыққан сәбіз, қырыққабат, қызылша сияқты көкөніс түрі 3417 тонна өнім берді», – деді Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы.

Кеген ауданы
ғаламтордан

Әрине, ел қамынан бөлек, мал азығын дайындау да назарда. «Қыс қамын жаз ойла» демекші, аудан халқы алдағы қыс мезгіліне дайындықты барынша күшейткен. Биыл аудан бойынша жем-шөпті қамдау да жоспар бойынша орындалды. Мәселен, жоспар 186 14 0 тонна деп болжанса, бұл қазір артығымен орындалып, 206 014 тоннаға жетті.

Алматы облысына қарасты Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың пікірінше, қолданылмай жатқан бос жерлер ел меншігіне өтіп, ауыл шаруашылығын дамытқысы келетін шаруаларға берілмек.

«Кеген ауданының жалпы жер көлемі – 710 298 гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 262 015 гектар. Былтыр 10 мың 561 гектар жер қайтарылды. Биыл да жұмыс жалғасып, жыл басынан бері 24 субъектіден жалпы көлемі 23 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлері ауданның жер қорына қайтарылды. Бос жер игерілуі керек. Осы тұрғыда президенттің тапсырмасы бойынша көп шара атқарылды. Егіс алқаптарын кеңейту мәселесі де ретке келтіріліп, суармалы жердің көлемін ұлғайтатын нақты жұмыс істелуі тиіс», – дегенді жеткізді.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының жайылым жерге деген мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында 63 008 гектар жер тұрақты түрде бекітілді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге 2024 жылдың 23 шілде айында конкурс өткізіліп, 29 жеке азаматқа 300  гектар егістік жер учаскесі пайдалануға берілді. 

  Алматы облысындағы аргарлы аудан саналатын Кеген ауданы осы үдеден түспей келеді. Өңірде ет өңдейтін зауыт салынып, пайдалануға берілгеніне де көп болған жоқ. Одан бөлек асыл тұқымды ірі қара өсіруді қолға алған шаруа қожалықтары да осында. Бұл біріншіден, кәсіп әрі табыс көзі. Алысқа ат арылтпай-ақ, жақын жерден жұмыс тауып, нәпақасын айырып жүрген ауыл тұрғындары «Еңбек етсең – емерсің, ерінбесең – жеңерсің» деген тәмсілді естен шығармақ емес.