23 Сәуір 18:23

Энергиямен жабдықтау нарығын монополияландыру кімге тиімді?

Энергетика министрлігі
Фото: ғаламтордан
Шағын және орта бизнес субъектілеріне тықыр таянды. 

Алматы, NEGE. Кәсіпкерлер үшін электр энергиясымен жабдықтаушы компаниялар қызмет құнын 50 пайызға өсіріп жіберді, – деп хабарлады Орт-Еуразия телеарнасы.

Оған салада жүргізілген іріктеу шарасы себеп болған. Жақында Ұлттық экономика және Энергетика министрлігі 500-ден астам компанияның жұмысын тоқтатты. Нарықта тек тарифін мемлекет бекітетін ұйымдар қалды. Міне, сол санаулы ұйымдар қазір бәсекелестіктің жоқтығын пайдаланып, энергияны қымбатқа сатып жатыр. Бұл ретте орта және шағын бизнес өкілдері шарасыз күй кешуде. Оларда бұрынғыдай бағасы төмен, тиімді компанияларды таңдау мүмкіндігі жоқ. Осыған орай, энергетика саласының мамандары «Бұлай бола берсе, елде инфляция орын алуы мүмкін» деп дабыл қағып отыр.

Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов: «Реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар нарықтан кетті.

Электр энергиясы
ғаламтордан

Мұның зардабын жақын арада көреміз. Себебі, бәсекелестік тоқтады. 10 мыңнан астам орта және шағын бизнестің шығыны артты. Электр энергиясына деген тариф өскеннен кейін өндірушілер де өз тауарларын қымбатқа сата бастайды. 

Ал бұл сол өнімдерді тұтынатын қарапайым халықтың қалтасын қағады. Мұнын соңы жақсылыққа апармайды. Әрбір салада бәсекелестік болғаны дұрыс. Сол кезде ғана баға тұрақталады», – деді.

Сондай-ақ, төраға «Қазақстан Республикасының электрмен жабдықтау секторын толық монополизация күтіп тұрғанын және алдағы уақытта мұның ел экономикасына кері әсерін тигізетінін алға тартады.

Бірінші, мемлекет реформаға толық дайын емес. 1 сәуірде бүкіл ел бойынша электр энергиясын тұтынушылармен өзара есеп айырысуда хаос басталды. Өйткені, энергиямен жабдықтау функциясы жүктелген ұйымдарда тұтынушылардың тізімі жоқ, олармен өзара әрекеттесу процесі жүйеленбеген, басқа да көптеген ұйымдастыру мәселелері шешілмеген.

Екінші, әлеуметтік-экономикалық салдарды талдаудың толық болмауы. Энергетика министрлігі қабылдаған шаралардың ең айқын немесе жанама салдарын есептеген жоқ.

 Атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілерінің көп бөлігі үшін электр энергиясы тарифінің өсуі анық сезілуде. Есесіне, бұл өңірлерде халыққа сатылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтің құнын арттырады.

 Онсыз да су басқан өңір тұрғындары табиғи апаттың салдарын тартып отырған сәтте ауыр соққы боп тиетіні сөзсіз.

Үшінші, ақпараттандырудың толық болмауы. Министрлікте облыс әкімдіктерімен келісілген электр энергиясына байланысты өзгерістер туралы хабардар ету жоспары жоқ. Осылайша, Энергетика министрлігі көп ұзамай бүкіл Қазақстан бойынша қоғамдық наразылық пен әлеуметтік шиеленістің күшеюіне әкелетін жағдайды қолдан жасап отыр.

Алайда, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Мәжіліс депутаттары алдында реформаны қорғап сөйлеген сөзінде өзара бәсекелесе алмаған кәсіпорындар нарықтан кететінін айтты.  Ал Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы электр энергиясының тарифі төмендеп қана қоймайды, бірақ одан әрі қарқынды өсетінін айтып отыр. Өйткені, әр өңірде электр энергиясын жеткізуші бір ғана монополист компания қалады. Оған онымен ешкім бәсекелесе алмайды, – дейді сарапшылар.