28 июня 2025 г. 13:27

«Журналистикада шекара жоқ» – Шетелдік әріптестер Қазақстан туралы не дейді?

Фото: Коллаж NEGE

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы күнге орай, NEGE тілшісі шетелдік әріптестерге хабарласып, олардан Қазақстан журналистикасы туралы пікірін, қазіргі медианың жай-күйін және халықаралық ынтымақтастықтың маңызын сұрады.

Зейни ЖАПАРОВ, WestNews.az ақпарат агенттігінің негізін қалаушы (Әзірбайжан):

Қазақстан журналистикасы үлкен жолдан өтті

Фото: Жеке мұрағатынан

– Қазақстандық әріптестерімді кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Қазақстан журналистикасы үлкен әрі лайықты жолдан өтті. 2024 жылдың желтоқсанындағы Ақтау маңында Әзірбайжан ұшағы құлағанда қазақ журналистикасының кәсібилігіне бүкіл Әзірбайжан тәнті болды. «Егемен Қазақстан» тілшісі Гүлайым Шынтемірқызы, «Алматы» телеарнасының тілшісі Дина Болатова және NEGE тілшісі Зере Нарбекованың кәсіби жұмысына куәмін.

Әзербайжанда журналистік еркіндік заңмен қорғалған, біздегі жағдай Қазақстанмен ұқсас. Ақпараттың ашықтығы мен ресми дереккөздерге қолжетімділік журналистика үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, қазақстандық әріптестермен бірлескен жобада жұмыс істеген жоқпын, болашақта мұндай жобалар екі ел үшін де пайдалы болары сөзсіз.

Бүгінде журналистикаға ең үлкен қауіп – бейтарап болмау, жалған насихат, еш негізсіз шабуылдар. YouTube, TikTok және Telegram сияқты цифрлық медиалар қазіргі медиакеңістіктің ажырамас бөлікке айналды, бұл Қазақстан мен Әзербайжан үшін де ортақ құбылыс. Жалпы алғанда, журналистерге қоғам мен экология мәселелерінен бастап негізгі кәсіби қағидаларға дейінгі барлық тақырыптарға назар аудару қажет деп ойлаймын.

Весела ДАРЬЯ, НТС ТРК, ойын-сауық бағдарламалары бөлімінің редакторы (Қырғызстан):

Қазақстан журналистикасында белгілі бір шектеулер бар секілді

Фото: Жеке мұрағатынан

– Қазақстандық әріптестерімнің біразын жақсы танимын. Мәселен, digital саласындағы Әсел Асанның жобаларымен, Ерлан Бекчуриннің материалдарымен таныспын, Жанболат Мамайдың подкасттары мен сұхбаттарын көремін. Сондықтан қазақстандық әріптестеріме сәттілік тілеймін!

Қырғызстанда сөз бостандығы салыстырмалы түрде сақталған. Бірақ Қазақстан журналистикасында белгілі бір шектеулер бар секілді. Ақпараттың ашықтығы мен ресми дереккөздерге қолжетімділік – сапалы журналистиканың негізі.

Қазіргі журналистиканың басты қаупі – аудиторияның сенімін жоғалту. Фейктер мен манипуляциялардың көбеюі мәселені күрделендіріп жіберді Digital-журналистика Қырғызстанда да кеңінен дамып жатыр. Telegram, YouTube, TikTok секілді платформалар жаңа аудитория тартуға мүмкіндік береді.

Гегецик МАНУКЯН, Спутник Армения Telegram-арнасының редакторы (Армения):

Журналистика мәселесі бәріміз үшін ортақ

Фото: Жеке мұрағатынан

– Қазіргі журналистиканың алдында көптеген қауіп-қатер бар. Дәстүрлі БАҚ-тың ықпалын жоғалтуы, фейк пен жасанды контенттің көбеюі, цензура және журналистерге қысым, аудитория сенімінің төмендеуі осы қатарда.

Арменияда Telegram жаңалық алудың негізгі көзіне айналды. TikTok – көбіне ойын-сауық платформасы, бірақ жаңалықтық контент көбейіп жатыр. YouTube – подкасттар мен сұхбаттар үшін қолданылады.

Журналистика мәселесі бәріміз үшін ортақ. Сондықтан халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу өте маңызды деп есептеймін. 

Фариза ҒАФУРОВА, «Солнечный» телеарнасы тілшісі (Өзбекстан):

Жекелеген журналистер мен ұйымдардың кәсіби деңгейі жоғары

Фото: Жеке мұрағатынан

– Қазақстан журналистикасы кейбір шектеулерге қарамастан дамып келеді. Жекелеген журналистер мен ұйымдардың кәсіби деңгейі жоғары. Ал Өзбекстанда сөз бостандығы заңмен қорғалған, жалпы алғанда БАҚ еркіндігі жоғары. Дегенмен саяси қысым мен ақпаратқа қолжетімділік мәселесі бар.

Цифрлық медиа бізде де қарқынды дамып келеді. Журналистер Telegram мен YouTube-те авторлық жобалар жүргізуде. Қазақстан журналистері үшін өңірлік тақырыптар, экология, әлеуметтік мәселелер және медиасауат тақырыптарына ерекше көңіл бөлу маңызды деп есептеймін.

Вашингтон КИНЧУЭЛА, MCTV ECUADOR арнасының өкілі (Эквадор):

Журналистикадағы ең үлкен қауіп – жалған ақпарат пен дәстүрлі БАҚ-қа деген сенімнің төмендеуі

Фото: Жеке мұрағатынан

– Қазақстан журналистикасы қазір өзгеріс кезеңінен өтіп жатыр. Дәстүрлі БАҚ әлі де шектеулерге ұшыраса да, тәуелсіз және цифрлық медиа белсенді дамып келеді. Telegram мен YouTube арқылы көпшілікке шығып жүрген журналистер туралы біршама білемін. Қазақстандық журналистермен жеке жұмыс істеген жоқпын, бірақ тығыз қарым-қатынас орнатуға қызығушылығым жоғары.

Эквадорда тәуелсіз БАҚ та, үкіметтік БАҚ та бар. Алайда қауіпсіздік пен саяси қысым бізде де бар. Ақпаратқа қолжетімділік демократияның негізі. Біз ашық деректер үшін үнемі күресеміз. Журналистикадағы ең үлкен қауіп – жалған ақпарат пен дәстүрлі БАҚ-қа деген сенімнің төмендеуі.

TikTok, YouTube және Instagram – жастарға арналған маңызды ақпарат көздері. Менің медиа алаңым McTv – әлеуметтік желі арқылы қарапайым адамдардың оқиғасын баяндауға бағытталған.

Қазақстандық әріптестерімді бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Журналистикада шекара жоқ, проблемалар ортақ. Сондықтан сол түйіндерді бірлесіп шешейік!