Журналист Александра Алехованың жазасы жеңілдетіліп, кәсіби қызметімен айналысуға рұқсат берілді

Апелляциялық сот журналист Александра Алеховаға қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертіп, жаза мерзімін бір жылға қысқартты. Сонымен қатар оның журналистік қызметпен айналысуына салынған тыйымды алып тастады.

Александра Алехова

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Telegram-дағы RESPUBLIKA.expert.KZ арнасы жазды.

Журналистке Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бапта масс-медиа арқылы адамның жеке құпиясына жататын дербес деректерді заңсыз таратып, оның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру туралы жауапкершілік көзделген.

Апелляциялық алқа істі қайта қарап, үкімге бірқатар өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, рақымшылыққа байланысты Алехованың бас бостандығынан айыру мерзімі үш жылдан екі жылға қысқарды. Жазаны орындау мерзімі де 4 жыл 10 ай 20 күнге, яғни журналистің ұлы 14 жасқа толатын 2031 жылғы 2 қазанға дейін шегерілді. Бұған дейінгі бес жылдық мерзім баланың жасына қатысты заң талаптарынан асып кеткен.

Сондай-ақ сот Алехованың журналистік қызметпен айналысуына салынған үш жылдық тыйымды алып тастады. Сот мұндай шешім қабылдау кезінде журналистика оның негізгі табыс көзі екенін және кәсіби қызметіне шектеу қою баласын асырауына кедергі келтіруі мүмкін екенін ескерген.

Бұдан бөлек, жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына аударылатын қаражат мөлшері қылмыс жасалған кездегі АЕК көрсеткішіне сәйкес түзетілді. Сома 20 АЕК немесе 68 261 теңге болып белгіленді.

Алайда апелляциялық сот айыптау үкімінің өзін өзгеріссіз қалдырды. Яғни журналисті ақтауға негіз таппаған.

Апелляциялық сот қаулысы заңды күшіне енді. Егер Алехова кейінге қалдырылған мерзім ішінде қоғамдық тәртіпті бұзса немесе баласын тәрбиелеу міндеттерінен жалтарса, шартты жаза нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.

Еске салсақ, журналист Александра Алеховаға биыл 3 тамызда үкім оқылды. Сот оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оның орындалуын бес жылға, яғни 2031 жылға дейін кейінге қалдырған болатын. Сонымен қатар Алеховаға үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынған еді.