Жұманғариннің бұрын сотталған кеңесшісі: Министрлік оның не үшін қызметке алынғанын түсіндірді

Ұлттық экономика министрлігі бұрын сотталған Болатбек Нажметдинұлының Серік Жұманғаринге не үшін кеңесші болғанын түсіндірді. Алайда оны қызметке шақырғанда соттылығы ескерілген-ескерілмегенін нақтыламады.

коллажды әзірлеген NEGE/

​Астана, NEGE. Министрліктің редакциямызға ұсынған мәліметінше, Болатбек Нажметдинұлы кеңесшілік қызметі үшін жалақы алмайды. Оны бұл жұмысқа логистика, жүк тасымалы, ауыл шаруашылығы және өңірлерді дамыту салаларындағы тәжірибесіне қарап шақырған.

Ведомство кеңесшінің міндеті пікір айтып, ұсыныс берумен ғана шектелетінін жеткізді.

«Ол мемлекеттік қызметші емес, басқару немесе шаруашылық мәселелеріне қатысты шешім қабылдауға құқығы жоқ. Министрліктің ресми құжаттарын бекітпейді, оларды келісуге қатыспайды. Мемлекеттік құпияларға және таратуға шектеу қойылған қызметтік ақпаратқа қол жеткізе алмайды», – делінген вице-министр Бауыржан Омарбеков қол қойған хатта.

Бұған дейін Болатбек Нажметдинұлы қыркүйектің соңынан бері Серік Жұманғариннің кеңесшісі болып жүргенін айтқан. Оның сөзінше, бұл қызметті министрдің өзі ұсынған. 

Болатбек Нажметдинұлының бұрын сотталғаны былтыр қайта сөз болды. Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, 2001 жылы кеден саласында жұмыс істеген Нажметдинұлы шекарадан 240 қап ұн тиелген жүк көлігін заңсыз өткізіп, оған қатысты құжаттарды жойған. Сот үкімінде оның бұл әрекетке жеке мүддесі үшін барғаны көрсетілген.

2001 жылғы 8 мамырда ол қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ жемқорлық қылмыс жасағаны үшін кеден қызметінен босатылған. Кейін рақымшылыққа ілініп, жазасын өтеуден босатылды.

Журналистің мәліметінше, үкім шыққаннан кейін жеті жыл өткен соң Нажметдинұлы сот арқылы жұмыстан босатылу себебінің ресми тұжырымын өзгерткізген. Кейін мемлекеттік қызметке қайта оралып, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. Ал 2023 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланды.

Козачковтың жазбасынан кейін Нажметдинұлы журналисті жала жапты деп айыптап, әкімшілік жауапқа тартуға тырысқан.

Алайда сот Козачков келтірген деректердің шындыққа сай екенін анықтады. Демек, журналист бұрынғы депутаттың сотталғаны туралы ақпаратты ойдан шығармаған.