Жолды сапасыз салғандар жауапқа тартылады: министрлік талапты күшейтпек
Қазақстанда жол салатын және жөндейтін мердігерлерге қойылатын талап күшейтіледі.
Астана, NEGE. Премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасованың төрағалығымен автожол саласын дамыту және реформалау жөніндегі жұмыс тобының отырысын өтті.
«Мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға, оның ішінде қаржылық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге, орындалған жұмыстарға берілетін кепілдік мерзімдерін ұзартуға және анықталған ақауларды жою тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды», – деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар жұмыс тобының мүшелері жолдардың сапасын бақылау үшін техникалық қадағалауды күшейтіп, олардың бүкіл пайдалану мерзімі бойы аспаптық диагностика жүргізуді ұсынды.
Жол салуға пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасын жүйелі бақылау да реформаның бір бағыты болмақ.
Жолдарды күтіп-ұстауға бірыңғай оператор жауап беруі мүмкін
Сонымен қатар, ведомство жол жобаларын ғылыми сүйемелдеу, сала мамандарын даярлау жүйесін жетілдіру және жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудың бірыңғай операторын айқындау мәселелері де талқылады.
Алдағы уақытта мамандармен автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жол картасы әзірленбек.
«Жол картасында нақты іс-шаралар, оларды іске асыру мерзімдері мен жауапты орындаушылар айқындалуы тиіс», – деді министрлік.
Еске салайық, 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жол сапасын қатаң сынға алған болатын. Ол орталық және жергілікті атқарушы органдар жол мәселесін шешудің орнына жауапкершілікті бір-біріне ысырып келгенін айтты.
Ал бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жолға қатысты ахуалды «масқара жағдай» деп бағалап, жұмысты жандандыруды тапсырды. Ал премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына нәтиже болмаса, қызметімен қоштасатынын ескерткен еді.