Бектенов жол саласын түбегейлі реформалау жөніндегі жұмыс тобын құрды
Қазақстанда автожол саласын реформалау жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Топ жол құрылысының қолданыстағы жүйесін қайта қарап, сапаны бағалау тәсілдерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізеді.
Астана, NEGE. Жұмыс тобы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау аясында премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен құрылды.
Бұл жұмыс тобы жол құрылысының стандарттары мен нормаларын жаңартып, саланы басқарудың жаңа тетіктерін әзірлейді. Сондай-ақ жол инфрақұрылымын жақсарту, бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырады. Бұл ретте цифрлық шешімдерді енгізуге де назар аударылмақ.
Топқа премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілік етеді. Оның құрамына көлік, өнеркәсіп және құрылыс, қаржы, ішкі істер, экология және табиғи ресурстар, энергетика министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокурорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз», «ҚазАвтоЖол», жол сапасын бақылау және ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ сала сарапшылары мен Құрылтай депутаттары кірді.
«Премьер-министр осы жылдың 1 желтоқсанына дейін автожол саласын түбегейлі реформалау бойынша, оның ішінде заңнамалық шараларды қамтитын ұсыныстар әзірлеуді тапсырды», - деді Үкіметтің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жол сапасын «масқара жағдай» деп бағалап, жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Ал премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына нәтиже болмаса, қызметімен қоштасатынын ескертті.