Жол апатына себеп болған Zeekr жүргізушісі мас болған – ІІМ
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасымен Алматы қаласында болған резонанстық жол-көлік оқиғасы ерекше бақылауға алынды.
Астана, NEGE. Сот Zeekr автокөлігінің жүргізушісін қамауға алуға санкция берді.
«Апат кезінде ол жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған», – деп хабарлады ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Сондай-ақ Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Ал мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғалды», – деді Шыңғыс Алекешев.
Министрдің тапсырмасы бойынша қызметтік тексеріс басталды. Оның объективтілігі мен толықтығын қамтамасыз ету үшін Алматы қаласына Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің басшылары жіберілді.
«Заң бұзушылықтар расталған жағдайда апат қатысушылары да, лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылады», – деп хабарлады ІІМ ресми өкілі.
Министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылындағы үш адам қаза тапқан көлік жарысына Алматы қаласы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қатысуы мүмкін деп есептейді.