Жылдық мәнде инфляция 10,4%-ға дейін баяулады
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мамыр айында жылдық инфляция 10,4%-ға дейін төмендеді.
Астана, NEGE. Өткен айда инфляцияның айлық деңгейі 0,7% болды.
Бір жыл ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар айтарлықтай қымбаттап, бағасы 11,7%-ға өскен. Азық-түлік тауарларының бағасы 10,7%-ға, ал ақылы қызметтердің құны 8,7%-ға артқан.
Алайда соңғы 12 айда кейбір азық-түлік өнімдері арзандағаны байқалады. Атап айтқанда, қияр, пияз, картоп, банан және күріш бағасы төмендеді.
Бұған дейін Қазақстанда ет бағасы айтарлықтай өскенін жазған едік. Сәуір айындағы көрсеткіш бойынша қой етінің бағасы бір жыл ішінде бірден 23,5%-ға, сиыр еті 20,9%-ға, ал жылқы еті 14,5%-ға өскен.
Айта кетерлігі, жан басына шаққанда сиыр етін тұтыну көлемі 2024 жылғы 25,3 келіден 2025 жылы 25,1 келіге азайған. Қазақстандықтар қой етін де сирек тұтынатын болған. Сарапшылар мұны бағаның өсуімен байланыстырады.