5 ноября 2025 г. 15:11

Жеті адам қаза тапқан «Жомарт» кенішінде тағы да төтенше жағдай тіркелді

Фото: Depositphotos

«Қазақмыс» компаниясына қарасты «Жомарт» кенішіндегі ескі шахтада төтенше жағдай тіркелді. 

Астана, NEGE. Оқиға 3 қараша күні түске таяу уақытта болған. Зардап шеккендер жоқ, жабдыққа да зақым келмеген.

«Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Q.I. Satbaev atyndagy Jezqazgan Tau-ken ondirisi» филиалының «Жомарт» кенішінде бұрын игерілген 108-бис панеліндегі камерада төбе жабынының аздаған қабатының түсу жағдайы тіркелді», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Компания таратқан мәлімет бойынша, опырылған тау массасы автосамосвалдың кузовына тиген.

«Зардап шеккендер жоқ, жабдыққа зақым келмеді. Кеніште жұмыстар штаттық режимде жалғасуда», – деп сендірді «Қазақмыс» өкілдері.

Айта кетейік, ақпан айында «Жомарт» кенішінде тау жынысының опырылуы салдарынан жеті адам қаза тапты. Құрылған комиссия қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын анықтады.