Жемқордың жазасы НЕГЕ әжуаға ұқсайды?
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке сенсек, билік партиясы аймақтардағы сыбайлас жемқорлықпен күреске білек сыбана кіріспек.
Бұдан былай шенеуніктердің жемқорлығы мен парақорлығы туралы арызданып келген азаматтардың өтініштері жіті бақылауға алынатын көрінеді. Елдегі билік партиясының жоғары лауазымды тұлғасы жария түрде осылай деді.
Жемқорлық – қай елде болсын, қоғамның өзегін жегіқұрттай жейтін індет. Парақорлық пен мемлекеттің қаржысын талан-таражға салудың кеселі әлемді әбігерге түсірген тәжвирусынан кем түспейді. Елімізде жемқорлықпен күрес соңғы кездері күшейіп келеді. Ресми дерекке сенсек, жемқорлық пен парақорлық деректері соңғы кездері едәуір азайған. Бірақ, соңғы 3 жылда сыбайлас жемқорлықтың бетін қайтардық десек те, есесіне, жемқорлар мен парақорлардың мемлекетке әкелген шығыны күрт өсіп барады. 2020 жылдың алғашқы екі айының өзінде жемқорлықтан келген залал – 172 млн теңгеге жуық көрінеді. Ал «Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының» директоры Меруерт Махмұтова жемқорлықпен табылған ақша ел экономикасының кем дегенде ширек бөлігін құрайды деп нық сеніммен айтады. Осындай арам ақшадан құралатын көлеңкелі экономика ЖІӨ-нің 24-25 пайызына дейін баратынын ресми статистика да мойындайды.
Параның көлемі де ұлғаюда. Сірә, бұған елдегі инфляция әсер етсе керек. Мәселен қоғамдық құқықтық ұйымдар параның сомасы былтыр 2018 жылмен салыстырғанда 193 мың теңгеден 205 мыңға өсіпті. Теңгенің соңғы құнсыздануына қарап, бұл сома биыл жаңа рекорд орнататын шығар деп болжай аламыз.
Жаза ма, әжуа ма?
Ымырасыз күрес пен жазаны күшейту туралы тынбай айтып жатсақ та, сұғанақ қол шенеуніктер неге айылын жыймайды? Оның себебі қазынаға қол салғандардың жеңіл жазамен құтылып кетуінде жатыр. Парадокс! Біз жазаны күшейткен сайын, олар әрі кеткенде шартты мерзіммен құтылады. «Қазақстан Темір Жолын» басқарғанда істі болып, бірақ сотталмаған Абылай Мырзахметовті, «Қорғас» кеден бекетіне иелік еткенде миллион доллар пара алғаны үшін бір күн де түрмеге отырмаған Василий Ни секілді бірнеше жыл бұрынғы істерді қозғамай ақ қояйық. Бертіндегі, тіпті күні кешегі дейтіндей мысалдар жетіп артылады.
Екі жеп, үйге шыққандар
2017 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері «Astana LRT» жобасына бөлінген 5 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырған 5 бірдей лауазымды тұлға мен мердігер компаниялардың 6 басшысының былығын әшкереледі. Тізімнің басында тұрған сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Astana LRT» компаниясының басшысы Талғат Ардан шетелге қашып кетті. Ең қызығы, Қанат Сұлтанбеков мекеменің миллиардтарын қалтасына басқан соң, «Қазақстан инжинирг» компаниясына ауысып, ол жақта да қазынаға ауыз салған. Осы қылмысы үшін 2018 жылы сотталайын деп тұрған жерінен 2 миллиард 139 миллион 500 мың теңге айыппұл төлеп, «енді ұрламаймын» деп ант-су ішіп түрмеден құтылған.
Абақты шығармашылықты «шыңдай» ма?
Былтыр маусым айында қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін абақтыға жабылған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваға Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық соты 2 500 АЕК көлемінде айыппұл салып, сот залынан босатып жібергені бәріміздің есімізде. Себебі бізде Қылмыстық кодексте «Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» дейтін 65-бап бар. Ол бойынша судья кінәлі адамның қылмысты алғаш рет жасағанын, оның жеке басының ерекшелігін, айыбын мойындап, шын өкінгенін, зияны қалпына келтіргенін, тергеуге көмектескенін ескере отырып қылмыстық жауаптан босатып жібере алады. Сірә, сотқа мемлекеттік мектептің ішінен мектеп ашып, білім саласында заңсыз бизнес жасаған Суханбердиева ханымның абақтыда отырып кітап жазып шыққан «шығармашылық қасиеті» де заң бұзған шендіге кешіріммен қарауға әсер етсе керек.
Шартты жаза немесе айыппұл
2014 жылы алаяқтық жолмен 1,6 млн теңге қаржы жымқырды, пара алды және қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырды деп айыпталған Павлодар облысының экс-әкімі Ерлан Арын үш жылға шартты түрде сотталды.
2015 жылы бопсалау жолымен мемлекетке миллиардтаған шығын әкелді деп айыпталған табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-басшысы Мұрат Оспанов 1 млрд теңге көлемінде айыппұл төлеп жазадан құтылды.
Биыл қазынаның жүздеген миллион теңге қаржысын талан-таражға салды деп айыпталған Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Нұрсәуле Сайлауова 2 жылға сотталды.
Тізе берсек, осылай кете береді. Байқасаңыздар, жемқорлық пен парақорлық үшін істі болғандардың дені әрі кеткенде екі-үш жылға сотталады немесе айыппұл төлеп құтылады. Ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылғандар некен-саяқ. Бұған дейін жемқорлық қылмысы үшін ең жоғары жаза 10 жыл болса, соңғы түзетулерден кейін қазір 7 жылға азайды дейді заңгерлер. Соның өзінде желкесін қиып жеті жылға «итжеккенге» айдалып жатқан кім бар? НЕГЕ жаза екі-үш жылмен шектеледі? Оның сыры мынада. Заңға сәйкес, тергеу абақтысында отырған 1 күн – түрмеде отырған екі күнге пара-пар. Демек, тергеу созылған сайын, түрмеде отыратын жылың да кемиді. Әрі қарай судья түрлі жеңілдететін жайттарды ескере келе, жемқорға екі-үш жыл жаза кеседі. Жоғарыда айтқанымыздай тергеу абақтысында өткізген бір жылың түрмедегі екі жылмен тең болғандықтан, сотталушы жазасын өтеген болып есептеліп, түрмеге жетпей, сот залынан босап кете береді. Оның үстіне шығынның дәлелденген бөлігін ғана өтеп, бостандық алуға да әбден болады. Мемлекетке келтірген шығынын айыппұл есебінде 200 есе артық қайтарса жетіп жатыр. Айтпақшы заңдарды ізгілендіру дейтін шараны қолға алмай тұрғанда бұл сома 500 есе еді.
Жемқор деп айыпталған шенділер Қылмыстық кодекстің «Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау» дейтін 55-бабын жазған адамның ата-бабасына алғыс айтып өтетін шығар. Себебі дәл осы баптың тармақтары келтірілген залалды өз еркімен өтегендерді соттауға рұқсат етпейді, кей жайларды ескере отырып, орташа қылмыс жасағанда жазаның тек жартысын, ал ауыр қылмысқа үштен екісінен аспайтын жаза мерзімін тағайындайды. Ал жазаның ең жоғарғы мерзімі 7 жылмен шектелсе, орташа қылмыс жасады деп танылған адам да 3-3,5 жыл алмай ма? Тергеу бір жарым жылға созылса жетіп жатыр, сот үкімінен кейін шенеунік бір күн де түрмеге отырмастан, туыстарының қолпаштауымен үйінде өзі үшін жайылған дастарқанда тойлауға кете береді.
Жемқор мен парақор шын мәнінде жазаға тартылған күннің өзінде жазасын қаншалықты өтеп жатқанын біз біле аламыз ба? Әрине жоқ. Сотталып кеткен шенді туралы ақпар сұратып көріңізші, қандай жауап алады екенсіз. Батыс елдерінде жемқорлық үшін сотталғандардың түрмеде жазасын қалай өтеп жатқаны былай тұрсын, бостандыққа шықанан кейінгі өмірін де қоғамдық бақылауда ұстайтын тетіктер бар. Ал бізде соттылығы жойылған соң қайтадан мемлекеттік қызметке тұрып, тіпті бұрынғы лауазымынан да биік орындарға жайғасып жатқандар жеткілікті. Аттарын атап, түстерін түстемесек те, көзіқарақты оқырман өзі де біліп отырған болар.
Есесіне, лауазым иесін жемқор, парақор деп айыптаған, онысы жала деп танылған адам 5 жылдан 12 жылға дейін жаза арқалап кетеді. Бұрын ең жоғарғы жаза мерзімі он жыл еді.
Біраздан бері Парламент қабырғасында сыбайлас жемқорлық пен парақорлық үшін Қытайдағы секілді өлім жазасын тағайындау туралы сөздер айтылып жүр. Көрші елде қазынадан жымқырған немесе пара ретінде алған ақшасы 3 млн юаньнан асқан (қазіргі бағаммен 186 млн теңгеден астам) шенеуніктерді сөзге келместен өлім жазасына кеседі. 2000-жылдан бері Қытайда жемқорлық үшін 10 мыңнан астам шенеунік ең ауыр жазаға кесілген.
Ал бізде мұндай жазаның тиімді болатынына... мұқият оқыңыз, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылары сенімсіз екен!
Уинстон Черчилль айтқандай: «No comments!»