Жеке вилла болмайды: Көк-Жайлаудағы Almaty SuperSki жобасының жай-жапсары

Көк-Жайлауда Almaty SuperSki тау-шаңғы курортын салу жұмыстары басталды. Жобаға арналған баспасөз кездесуінде Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры әрі Almaty SuperSki жобасының жетекшісі Ержан Еркінбаев құрылыстың қазіргі барысы, курорттың инфрақұрылымы мен оның табиғатқа ықпалы туралы айтты.

Kazakh Tourism Development

Астана, NEGE. Құрылыс қай кезеңде?

Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жобалау жұмыстары аяқталуға жақын, құрылысқа қажетті рұқсаттар алынған. Қазір Көк-Жайлауға құрылыс техникасын жеткізуге арналған техникалық жолдар салынып, жұмысшыларға арналған уақытша лагерьдің құрылысы басталған.

Сонымен қатар жобаның негізгі нысандарының бірі – аспалы жолдарды орнату жұмыстары қолға алынған. Жоба аясында аспалы жолдарды француздың POMA компаниясы орнатады.

Курорт аумағында жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын тау-шаңғы трассаларын салу жоспарланған. Еркінбаевтың сөзінше, олардың шамамен 70 пайызы балалар мен шаңғы тебуді енді үйреніп жүргендерге бейімделеді.

Kazakh Tourism Development

Жобаның негізгі мақсаттарының бірі – балаларға арналған спорттық инфрақұрылымды дамыту. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы әкімдігі мектептердегі дене шынықтыру сабақтарының бір бөлігін пилоттық режимде Көк-Жайлауда өткізу мәселесін пысықтап жатыр. Трассалардың 70 пайызы жасанды қар жүйесімен жабдықталатындықтан, шаңғы маусымын ұзарту көзделген.

Жалпы аумағы 1022 гектар болатын курорт Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің құрамындағы ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін сақтайды. Мұнда аспалы жолдар мен олардың станциялары, төрт мейрамхана және аумағы 20 гектардан аспайтын туристік инфрақұрылым нысандары салынады.

Сондай-ақ шамамен 6-7 қонақ үй салу жоспарланған. Олардың жалпы сыйымдылығы 6-7 мың орыннан аспайды.

«Ең маңыздысы – жеке виллалар мен шале болмайды. Бұл шектеу қатаң сақталады. Көк-Жайлау күніне шамамен 10 мың туристі еркін қабылдай алады. Егер Алматыға келетін қосымша шетелдік туристер саны 1 миллионға жетсе, қаланың туризмнен түсетін кірісі 1 миллиард доллардан асуы мүмкін», – деді Еркінбаев.

Курортқа қанша қаржы жұмсалады?

Жобаны іске асыруға қажетті қаржының негізгі бөлігі қайтарымды несие есебінен тартылмақ. Еркінбаевтың мәліметінше, жобалау жұмыстарына 6 млрд теңге бөлінген. Курортты 2028 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Оның айтуынша, Almaty SuperSki бірден пайда әкелетін коммерциялық жоба ретінде емес, ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жоба ретінде қарастырылып отыр. Алдын ала есеп бойынша, инвестицияның толық қайтарымы 20-30 жылға созылуы мүмкін.

Жобаны іске асырушылар курорттың экономикалық тиімділігін тек тікелей табыспен өлшемейді. Олардың есебінше, жоба бұқаралық спортты дамытуға, балаларға жаңа спорттық инфрақұрылым ұсынуға және 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Еркінбаев Көк-Жайлаудың қолжетімді курорт болуы көзделіп отырғанын да айтты.

«Көк-Жайлау – квазимемлекеттік жоба. Оның басты мақсаты – курортты қазақстандықтар мен алматылықтар үшін қолжетімді ету. Oi-Qaragai, Ақбұлақ, Шымбұлақ – жеке курорттар. Олардың иелері – жеке кәсіпкерлер. Сондықтан бағаны төмендетуге олардың қандай ынтасы болуы мүмкін? Оның үстіне бағаны түсірсе, адам көбейіп, кезек пен қауіпсіздік мәселесі туындайды. Ал біздің алдымызда халық үшін қолжетімділік міндеті тұр. Мектеп оқушылары үшін тегін болуы керек. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар үшін де қолжетімді болуы қажет. Алдын ала есеп бойынша, ешқандай жеңілдіксіз толық күнге арналған ең қымбат абонемент шамамен 14 мың теңге болады», – деді ол.

Kazakh Tourism Development

Құрылыс табиғатқа қалай әсер етеді?

Жоба өкілдерінің айтуынша, құрылыс кезінде экологиялық және табиғи қауіпсіздік талаптарына ерекше мән беріледі.

Еркінбаев құрылысқа қолданылатын техникаға қатаң талап қойылатынын айтты. Ескі әрі қоршаған ортаға зияны жоғары техниканы пайдалануға жол берілмейді. Ал аспалы жолдарды POMA компаниясының мамандары өздері орнатады. Оның сөзінше, компанияның Альпі тауларында, АҚШ-та, Канадада және Пиренейде тау-шаңғы курорттарын салу тәжірибесі бар.

Жобада сел, қар көшкіні, эрозия және жер сілкінісі қаупі де ескерілген. Бас жобалаушы ретінде таулы және сейсмикалық аймақтардағы құрылысқа маманданған ҚазНИИСА институты таңдалған.

«Барлық аспалы жол мен құрылыс нысандары 10 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп жобаланады», – деді Еркінбаев.

Қар барысына қауіп бар ма?

Almaty SuperSki жобасының жануарлар дүниесіне ықпалын бағалауға Зоология институтының мамандары тартылған. Институттың бас директоры Айдын Есжановтың айтуынша, мамандардың негізгі міндеті – курорт құрылысының жануарлар әлеміне ықпалын тәуелсіз бағалау. Ол үшін аумақта мекендейтін жануарлар, олардың негізгі шоғырланатын жерлері мен осал түрлер анықталған.

Қазір ғалымдар фототұзақтар орнатып, қашықтан бақылау және арнайы бағыттар бойынша есеп жүргізу арқылы мониторингті жалғастырып жатыр.

Зерттеу барысында мамандар қар барысы, сілеусін және Тянь-Шань қоңыр аюы секілді ірі сүтқоректілерге ерекше назар аударып отыр.

Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачевтың айтуынша, қазір Көк-Жайлау жобасы жүзеге асатын аумақта қар барысы тіркелмеген.

«Қазір бұл аумақта қар барысы жоқ. Жалпы 16 қар барысына белгі қойылып, олардың қозғалысы бақыланып отыр. Көк-Жайлау маңында да тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қазіргі уақытта жануар жоба аумағынан тыс жерде. Бірақ қыс мезгілінде бұл жерге келуі мүмкін. Сондықтан ұлттық парк әкімшілігін және басқа да мүдделі тараптарды дер кезінде хабардар етіп, қар барысына төнуі мүмкін қауіптерді барынша азайту үшін бақылау жүргізіп отырмыз», – деді ол.

Спикерлердің айтуынша, құрылыс аумағына жануар кіріп кеткен жағдайда жұмыс уақытша тоқтатылады. Жануар қауіпсіз жерге кеткеннен кейін ғана құрылыс қайта жалғасады. Бұл шара жануарларды барынша аз мазалау үшін енгізілмек.

Қызыл кітаптағы өсімдіктер қалай қорғалады?

Көк-Жайлаудағы өсімдіктер дүниесін ҚазҰУ-дың Ботаника және агроэкология кафедрасының меңгерушісі Нұрсулу Ахтаева бастаған мамандар зерттеп жатыр.

Ахтаеваның айтуынша, Көк-Жайлаудың оңтүстік беткейлерінде Қызыл кітапқа енген Островский қызғалдағының тұрақты популяциясы бар. Алайда ол тау-шаңғы курортының негізгі құрылыс алаңынан жоғары орналасқан.

Жолға жақын аумақта Сиверс алмасының жекелеген ағаштары да кездеседі. Бірақ мамандардың мәліметінше, жоспарланған жол олардың өсетін жерімен қиылыспайды.

Kazakh Tourism Development

Жол құрылысы кезінде ағаш кесу қажет болған жағдайда олардың санитарлық жағдайы ескеріледі. Мамандардың сөзінше, бұл аумақтағы ағаштардың бір бөлігі қартайған. Кесілген ағаштардың орны орманды қалпына келтіру жұмыстары арқылы өтелмек.

Сонымен қатар ҚазҰУ мамандары Almaty SuperSki жобасына Қызыл кітапқа енген өсімдіктер өсетін аумақтардың айналасында арнайы буферлік аймақтар құруды ұсынған. Бұл туристердің сирек кездесетін өсімдіктерді кездейсоқ таптап немесе зақымдап кету қаупін азайтуға тиіс.

Ғалымдардың жұмысы құрылыс аяқталғаннан кейін де жалғасады. Нұрсулу Ахтаеваның айтуынша, құрылыс кезіндегі мониторингтен бөлек, алдағы 5-7 жыл бойы Көк-Жайлау аумағындағы биоалуантүрлілікті сақтау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланған. Бұл жұмысқа студенттер мен докторанттар да тартылады.