«Жауапкершіліктен жалтармаймыз»: Қорғаныс министрі Каспийдегі трагедиядан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, ведомство жауапкершіліктен жалтармайтынын атап өтті.
Астана, NEGE. Министр қара жамылған ата-ананың қайғысын түсінетінін, кінәлі адамдар жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
«Отбасыларының қайғысын түсінемін, қоғамның бізге қойып отырған талап, сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Ата-аналардың бізге ұлдарын сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырап отырғанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп отыр», – деді Дәурен Қосанов.
Қорғаныс министрлігінің басшысы мерт болған сарбаздардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіліп, сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын атап өтті.
«Қаза тапқан әскери қызметшілердің, олардың отбасылары және қоғам алдындағы міндетімізді түсінеміз. Арыстай азаматтарынан, ұлдарынан айырылған әр отбасының қайғысына ортақпын. Әскери міндетін атқаруда қаза тапқан азаматтарымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!», – деді министр.
Еске салсақ, 24 қыркүйек күні Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметші теңіз суына кетті. Бастапқыда Қорғаныс министрлігі 12 сарбаз қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылғанын, екі сарбаз іздестіріліп жатқанын хабарлады. Екі сарбаздың денесі бүгін таңертең табылды.
Сарбаздардың қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр.
Ішкі істер министрлігі бүгін бес әскери лауазымды тұлға уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Олардың ішінде ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар. Олар ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деген күдікке ілініп отыр.