27 июля 2022 г. 20:03

Жасұлан Омаров, лейтенант: Әділдік пен туралық барда ел ертеңі жарық болады

Фото:

Қазақта «Ер жігіт елі үшін туады» деген тәмсіл бар. Әсілі, әр қазақ оғланының жарық дүние есігін ашқандағы бір миссиясы ұлтқа қызмет ету болса керек?! Әйтпесе, ата-бабаларымыздың алтын бесік атажұртына айналған Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұланғайыр атырап еншімізге түсіп, меншігімізде қалар ма еді, кім білсін?! Осындай батырлар қатары сиреген жоқ. Кешегінің ұрпағы бүгінде арамызда. Бірақ батырлардың заманауи сипаты бөлектеу. Қоғамдық тәртіпті қадағалайтын құқық қорғау қызметкерлері екені белгілі. Nege.kz ақпараттық порталы елі үшін күн-түн демей еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлері жайлы сериалы сұхбат топтамасын жалғастырады. Бүгінгі кейіпкеріміз – Жасұлан Бағдатұлы.

Жасұлан Омаров – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің түлегі.  Заң факультетін тәмамдаған. Ақтөбе қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің М.Бөкенбаев атындағы заң институтының курсанты. Бүгінде, Алматы қаласы Түрксіб ауданының участкелік полициясында қызмет етеді.

– Жасұлан, армысыз? Сөз басын Ішкі Істер органына қалай келдіңіз, сол сауалдан бастайықшы.

Амансыздар ма?! Мен қазір Алматы қаласы полиция басқармасының Түрксіб ауданында учаткелік полиция лауазымын атқарудамын. Бұл салаға келуім де тектен-текке емес. Оңай болған жоқ, талай от пен мұзды кешіп өтуге тура келді. Шын мәнінде, ес білгелі полицияның қызметтік формасын киіп, заң аясында еңбек ету арманым еді. Менің ғана емес ата-анам да осы жолда жүргенімді қатты қалады. Ол кісілер «Ұлымыз халық батыры болсын. Ұлт үшін аянбай тер төгіп, қиналғанға көмек етіп, елдің алғысын алсын» деп әлі күнге дейін алақан жайып бата беріп отырады. Содан болса керек мектеп қабырғасынан бастап «осы мамандыққа келемін» деп сеніп, өз-өзіммен жұмыс істей бастадым. Әрине, әкем де бағыт-бағдар беріп, тәрбие жұмыстармен айналысты. Отбасымызбен армандадық десем артық емес. Мектеп бітіріп таңдау жасап, шешім шығаратын сәт те келді. Ішкі істер органының қызметкерлерін оқытатын арнайы академияға оқуға түскім келіп жүрді. Бірақ, белгілі бір себептермен ол оқу орнынан бас тарттық. Есесіне, оқу мен білімнің ордасы, қасиетті қарашаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, «құқықтану» мамандығын оқып шықтым. Жоғарыда айтып өткенімдей бұл салаға бет бұруыма әкем түрткі болды. Өзі біз секілді жаз кезінде құқық қорғау саласына қызығып, қызмет еткісі келіпті. Бірақ, ол арман болып қала берген. Сол кезде «мен полицей болмадым, ұлым менің арманымды орындайды» деп өз өзіне серт берген екен. Осының бәрін естіп, біліп өз ұлтым мен елімнің алдындағы борышымды, бір жағы болашақ бала-шағамның нәсібін аталған саладан тапсам, өтесем, көрсетсем деген оймен келдім.

– Өзіңіз, отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?

Өзім 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Әке-шешем ертеректе қазіргі Шығыс Қазақстан облысынан қоныс аударған екен. Біздер осы Алматылық болдық, осында тудық, оқыдық, тәлім алдық, осы күні қызмет етіп жүрмін. Медеу ауданында орналасқан №64 орта мектепте балалығым өтті. Әліппені алтындай ұстаздардан үйреніп, үлкен өмірге жолдама алған едім. Жоғарыда да айттым ғой мектеп бітіргесін полиция академиясына түскім келген, отбасылық жағдайға байланысты ол ойдан бас тартуға тура келді. Арманға барар жолдан бас тартсам да, оның өзінен бас тарта алмадым. Курсанттық жылдарымды атақты ҚазҰУ қалашығына айырбастап үздік студенттер қатарынан көріндім. Түрлі марапат мен алғыс хат, мадақтама қағазын алып әке-шешемнің үмітін аз да болса ақтадым деп айта аламын.

– Қазіргі қызметке қалай келдіңіз? Полиция қызметіне орналасу өте қиын деп жатады ғой, рас па?

«Арман адастырмайды» деген рас  екен. Мен 2021 жылы Алматы қаласы Полиция департаментіне барып, өз кандидаттығымды ұсындым. Жұмысқа кіру қиыны қиын-ақ. Сан түрлі сынақтан өтуің керек. Соның бір парасы медициналық сараптама екенін білесіздер. Он екі мүшеңнің бірінен кіп-кішкентай кінәрат табылса, комиссия мүшелері келесі кезеңге өткізбейді. Аталған жұмыс денсаулықты талап етеді. Сондықтан, тәртіп те іріктеу де өте қатаң жүргізіледі. Бір жағынан ол да дұрыс. Әділдік пен туралық барда ел ертеңі жарық болады. Медициналық сараптамадан сәтті өткендерге психологиялық тұрғыда тұлғаның ой өрісін анықтайтын арнайы тест бар. Жұмыс ауыр, түрлі қиыншылық көреді, қылмыспен күрес кезінде көп адам психологиялық тұрғыда сынаққа шыдай бермейді. Сол үшін «Детектор лжи» яғни, Психологиялық сынақтан өтесің. Содан кейін, әрине спорттық сынақ. Мәселен, турникте 15 рет тартылуың керек, 100 метрге жүзуің керек. Өйткені, күн ұзақ аяқта тұрасың, жүгіретін сәттер болуы мүмкін сол үшін бәріне дайын болуың шарт. Осы үш сынақтан өткеннен кейін ғана кадр саясаты тізімге алады.

– Осыдан кейін тікелей жолдама алып, жұмысқа орналасып кеттіңіз бе?

Жоқ, тізімге алғаннан кейін Ішкі істер министрлігіне қарасты Малкеждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбек заң институтына тыңдаушы ретінде тағылымдамадан өтуге жіберді. Ол жаққа түскен сәттен бастап Ішкі істер саласының негізгі қызметі, не талап ететінін алғашқы күннен бойымызға сіңірдік. Оның ішінде таңертең ерте тұрудан бастап, өз өзіңе ұқыпты болу, физикалық және спорт жағынан мықты болу, команда мен бұйрықты жедел орындау, қылмыспен қалай күресу керек, митингілер болған жағдайда ішкі істер саласы қандай командалық тактиканы қолданады, жоғары жақтан қандай бұйрық келеді, халық арасында өзіңді ұстау, олармен қалай сөйлесуден тартып бәрін-бәрін аталған институт қабырғасында жүріп үйрендік.

– Бұл оқудан қай кезеңде өттіңіз? Осы мамандыққа қатысты білім берудің кей элементтерін айта аласыз ба?

Министрлік бекітілген оқу кестесіне сәйкес полиция қызметкерлерін 21 ақпан мен 4 наурыз аралығында оқыту курсынан өткізді. Осы аралықта біз практикалық даярлық кафедрасының профессорлық оқушылық құрамымен бірге «макаров» тапаншасының қыр-сырын толық оқып білдік. Оқу-тәжірибе кезінде атыс сабағы өткізілді. Тапаншаны атпастан бұрын біз атыс қаруының материалдық бөліктері қандай, қару мен оқ-дәрілерінің қолдану кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау сынды, одан қала берді өзіңді қалай ұстау керек дегенді ортаға алып оқытушылық құрам бәрімізден сынақ алды. Алдыңғы үш сынаққа мынаны қоссақ бірі-бірінен асып түсетін 4 сынақты еңсеріп барып бұл салаға бет бұрасың.

– Полиция қызметінің ішінде жүрсіз. Көп сын айтылады ғой, оған не айтасыз?

Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың «Сын – шын болсын» деген сөзі ойға оралады. Қазір қоғам сынап отыратын кезеңді бастан кешіп отырған жоқ. Егер дамимыз, алға жылжимыз десек бір-бірімізге демеу білдіріп, көмек көрсетіп ұлтжандылық танытуымыз керек. Мен құқық қорғау органына кіргеніме аздаған уақыт болса да атқарылып жатқан істің шаш етектен екеніне көзім жетті. Оның бәрі қоғам мен халықтың мүддесі үшін. Қолда бар деректерге қарасақ, полиция қызметкерлерінің беделі жыл сайын артып келеді. Өз көзіммен көріп жүрмін. Ішкі істер органдарында қызмет еткісі келетін жастар қатары едәуір көбейді. Бұл да аса қуантарлық жайт. 2022 жылы 19 қаңтардан бастап Ішкі істер органдарына жұмыс істеуге іріктеу турынан өту үшін үміткерлер институтқа бір ғана Алматыдан емес, Қазақстан Республиканың әр түкпірінен келіп жатты. Алғашқы талаптар бойынша заңнаманы білетін, жоғары білімі бар, дене бітімі шыныққан үміткерлер іріктеледі. Сондай-ақ, қабылдау коммисиясы кандидаттың болашақ қызметінің сипатын анықтау бойынша әңгімелесу жүргізіледі. Іріктеу нәтижесі бойынша үміткерлер барлық талапқа сай келсе әкімшілік қызмет бағыты бойынша 3 ай қысқа мерзімді оқытуға жіберіледі. Осы сатылы сынақтан өтіп өзім армандаған қызметте істеп жүрмін.

– Күн демей, түн демей жұмыс істейсіз. Кей-кейде басқа жұмыс істегенім жақсы еді деген ой болмай ма?

Өзім балалық шағымнан бастап қызметтік форма кигім келіп, қылмыспен күресіп, халқымды, туған елімді қорғасам дейтінмін. Әлі есімде ойын баласы мектептен қайтып келе жатып жолда кезіккен құқық қорғау органының қызметкерлеріне жүгіріп барып сәлем беретін. Көбісі «Бәрекелді, біз секілді полицей бол» деп бата беретін. Бәлкім, сол баталар қабыл болған да шығар. Өзім қайда жүрсем де ел мен ұлт қамы үшін барымды салуға дайынмын. Бастысы ата-анамнан көрген үлгі мен өнегені ертеңгі өз балаларыма дәріптеп Жаңа Қазақстанның сапалы ұрпағын тәрбиелеуге атсалыссам деймін. Өйткені, біз қоғам тыныштығын күзетсек, отбасы татулығын сақтасақ болашағымыз жарқын болмақ. Кіп-кішкентай отбасымыз қоғамның үлкен бөлшегі екенін естен шығармағанымыз абзал.

– Өзіңіздің артыңыздан еріп, сіз секілді маман болам деген жастарға не айтасыз?

Даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» дейді, сол айтқандай жас буынға айтарым дұрыс орта таңдаңыздар. Ол орта дамитын орта болса, болашаққа деген көзқарасы жарқын болса, әрі еңбек пен табандылықты, бастысы, намысты қолдан бермесе алынбайтын қамал, аса алмайтын асу қалмайды. Ыбырай бабамыз болса осыдан бір ғасыр бұрын «Біз надан боп өсірдік, Иектегі сақалды. Өнер – жігіт көркі деп, Ескермедік мақалды... Біз болмасақ сіз барсыз, Үміт еткен достарым, Сіздерге бердім батамды» дейді. Осылай буын ауысып, замана көші қаңбақтың басындай көше береді. Жаңа Қазақстан құрылып жатқан тұста жаңаша ойлайтын жастар қазақ полициясына да қажет-ақ. Ол жастар білімді, талапты, мінезді болуы шарт.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: