Жас мамандарды өңірлерге тарту: «Әділет» партиясы қандай бастамалар көтерді?
«Әділет» партиясының өкілдері Ақтөбедегі жетекші жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамымен өткен кездесуде денсаулық сақтау, білім беру және ғылым салаларын жаңғырту арқылы адам капиталын дамыту мәселелерін талқылады.
Астана, NEGE. Партия өкілдерінің айтуынша, «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтар Мемлекет басшысының ұлт денсаулығын нығайту және адам капиталының сапасын арттыру жөніндегі бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған.
Кездесуде талқыланған негізгі мәселелердің бірі – медицина саласындағы кадр тапшылығы. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің аға оқытушысы Гүлнар Қалманованың айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында 120-дан астам дәрігер жетіспейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде маман тапшы.
Оның пікірінше, жас дәрігерлерді өңірлерге тарту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін енгізу қажет.
«Әділет» партиясының өкілдері денсаулық сақтау саласындағы кадр мәселесін шешу мамандарды даярлаудан бастап, олардың өңірлерде тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасауға дейінгі кешенді жұмысты талап ететінін атап өтті.
«Партия бағдарламасында медицина қызметкерлерінің өңірлерде жұмыс істеуге деген қызығушылығын арттыратын нақты шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, лайықты еңбекақы, әлеуметтік кепілдіктер, қызметтік тұрғын үй, көтермеақы және басқа да қолдау шаралары көзделген. Сонымен қатар сұранысқа ие салалар бойынша резидентураға бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайтып, денсаулық сақтау жүйесінің нақты қажеттіліктеріне сай өңірлік тапсырыс қалыптастыру жоспарланып отыр», – деді партия өкілдері.
Кездесуде телемедицинаны дамыту, электронды денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері де көтерілді.
Партияның сайлауалды бағдарламасына сай, денсаулық сақтау саласында бірыңғай цифрлық жүйе құрылады. Соның арқасында азаматтың денсаулығына қатысты барлық мәлімет – дәрігерге қаралуы, талдау нәтижелері мен емдеу тарихы – бір жүйеде сақталып, электронды сервис арқылы қолжетімді болады. Сондай-ақ пациент алғашқы қабылдаудан бастап тексерулер мен дәрі-дәрмек алуға дейінгі барлық кезеңде қайда және қалай жүгіну керегін нақты білетін болады. Емдеу процесінің әрбір кезеңі бақылауда болып, кезектерді азайтып, медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру көзделген.
«Әділет» партиясының ұстанымы бойынша денсаулық сақтау жүйесінің өзегі есеп-қисап емес, адам болуы керек. Яғни, елдің қай өңірінде тұрса да, әрбір азамат уақытылы әрі сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі тиіс. Партия ауруды емдеуден бұрын оның алдын алуға басымдық береді. Осыған байланысты сайлауалды бағдарламада «Саламатты шаңырақ» ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру науқанын іске асыру, кардиологиялық қызметті жаңғырту және еліміздің барлық өңірінде кардиологиялық оңалту жүйесін кезең-кезеңімен дамыту көзделген.
Партиядан Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Каринованың айтуынша, сайлауалды бағдарламада кардиологиялық қызметті жүйелі түрде жаңғыртуға ерекше мән берілген.
«Біз еліміздің барлық өңірінде кардиологиялық оңалту қызметін кезең-кезеңімен дамытуды ұсынамыз. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары үшін кардиолог мамандарды даярлау көлемін ұлғайту қажет деп санаймыз. Бұған қоса, реабилитолог дәрігерлердің, ЛФК нұсқаушыларының, кинезиотерапевтердің және кардиологиялық оңалту саласында жұмыс істейтін мейіргерлердің біліктілігін үздіксіз жетілдіруге басымдық беріледі», – деді ол.
Кездесуде білім беру мен ғылымды дамыту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Мирамгүл Есенғұлова сапалы білім, жас ғалымдарды қолдау және университетте ғылымды дамыту елдің ұзақ мерзімді өркендеуінің басты негіздерінің бірі екенін айтты.
Философия докторы (PhD) Бекарыс Олжабаев та ғылымды дамытуға бағытталған партия бастамаларын қолдап, білім беру, ғылыми зерттеулер мен заманауи технологиялардың өзара ықпалдастығын күшейтудің маңызын атап өтті.
«Бүгінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен білім мен ғылымға байланысты. Сондықтан ғылымды, жоғары оқу орындарын, инновацияларды және заманауи білім беру технологияларын дамытуға бағытталған партияның ұсыныстары жаңа буын мамандарын даярлау үшін аса маңызды», – деді Мирамгүл Есенғұлова.
Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, бүгінде университеттер ел экономикасына қажет жаңа технологиялар мен тың шешімдер дүниеге келетін орталыққа айналуы тиіс. Ол үшін жоғары оқу орындары, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, ғалымдардың өнертабыстарын нақты өндіріске енгізу қажет.
«Соңғы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда ғылым саласын дамытуға жүйелі көңіл бөлініп келеді. Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі көтерілді, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды, саланы қаржыландыру көлемі де артты. «Әділет» партиясы осы стратегиялық бағытты толық қолдайды. Ендігі міндет – ғылыми өнертабыстар университет зертханаларында қалып қоймай, өндірісте сұранысқа ие технологияларға, жаңа кәсіпорындар мен заманауи жұмыс орындарына айналуына жағдай жасау. Сондықтан біз жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін күшейту арқылы оларды өңірлік инновация орталықтарына айналдыруды ұсынамыз», – деді Айбек Дәдебай.
Оның айтуынша, партия жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар жанынан эндаумент-қорларды дамытуды да қолдайды. Бұл бизнес өкілдері, инвесторлар мен меценаттардың ғылымды қаржыландыруға қатысуына тұрақты негіз қалыптастырып, перспективалы ғылыми жобаларды өндіріске енгізуді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Өңірдің креативті жастарымен өткен кездесуде кандидаттар жас мамандарды қолдауға арналған шаралар туралы айтты. Атап айтқанда, өңірлерде жұмыс істеуді таңдаған жастар үшін қосымша төлемдер, қызметтік тұрғын үй, жеңілдетілген ипотека және әлеуметтік кепілдіктерді арттыру мәселелері сөз болды.
Бұған дейін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері облыстағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездескен болатын.
Айта кетейік, «Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Түркістан облысынан басталды. Кейін Құрылтай депутаттығына кандидаттар Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарына барып, сайлаушылармен кездесті.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.