Жанабыловтар ісінен сабақ алмаған секілді: Желіде тағы бір блогер ауқымды ұтыс жариялады
Желіде маңғыстаулық блогер Салтанат Аманқосова пәтер мен автокөліктер ұтысын жариялады. Ұтысқа қатысу үшін желі қолданушыларына 16 мың теңге тұратын сусабын мен шашқа арналған бальзам сатып алу ұсынылуда.
Астана, NEGE. Ұтысты «Қазақстандағы ең ауқымды жоба» деп атаған Салтанат Аманқосова оқырмандарын сусабын мен шашқа арналған бальзам сатып алу арқылы пәтер не автокөлік ұтып алатынына сендіруде. Сондай-ақ ол ұтысқа гауҺар тастан жасалған әшекейлер, соңғы үлгідегі iPhone, ақшалай сыйлықтар тігілгенін хабарлады.
«TOYOTA 70, Depaal автокөлігі, пәтер – барлығын сіздерге сыйлаймыз. Шapттapы өте оңай: 16 мың теңгеге сусабын сатыn алacыз да, "Сәттілік шеңберін" айналдыpaсыз. Ол үшін Биo-дағы сілmемеге өтin, төлeм жacan, чекті Telegram-ботқа жіберіңіз», – делінген ұтыс туралы жазбада.
Чекті жібергендерге, блогердің түсіндіруінше, нөмір беріледі. Ұтысқа сол нөмір арқылы қатыстырылады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенованың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот жүріп жатыр. Прокурор блогерлерге 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілуі немесе ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін екенін айтты.
Қаржы мониторингі агенттігі Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованы заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысты және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастырды деп айыптап отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылы олар онлайн-курстар сату деген желеумен заңсыз лотерея ұйымдастырып, қымбат сыйлықтар ойнатқан.
ҚМА мәліметінше, блогерлер сатқан курстардың нақты құндылығы жоқ. Ал жүлделер блогерлердің жеке қаражатына емес, осы курстарды сатудан түскен ақша есебінен алынған.