USD
USD
USD

Блогер Жанабыловтар 7 жылға сотталуы мүмкін

Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Прокурордың айтуынша, блогерлерге 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы немесе ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін. 

жанабылов
Фото: instagram.com/zhanabylov_e

Астана, NEGE. Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев сот отырысы басталар алдында журналистерге істің мән-жайына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, блогерлер ұйымдастырған түрлі ұтыс ойындары бойынша жүлдесін ала алмадым деген жеңімпаздар тарапынан полицияға ешқандай арыз түспеген.

ҚАНША ЖЫЛҒА СОТТАЛУЫ МҮМКІН?

Прокурордың мәліметінше, айыпталушыларға ірі көлемдегі айыппұл жазасы тағайындалуы мүмкін. Бұл жағдайда айыппұл мөлшері іс материалдарында көрсетілген соманың шамамен 7 мың есесіне тең болмақ.  Яғни блогерлер ісінде айыппұл көлемі 1 млрд теңгеден асып кетуі ықтимал.

прокурор
nege.kz

Аталған баптар бойынша ең қатаң жаза 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

«Теориялық тұрғыдан алғанда, айыппұл тағайындалуы мүмкін. Алайда оның мөлшері өте үлкен. Шамамен 7 мың еселік көлемде. Бұл шамамен 1 млрд теңге айыппұл болуы мүмкін. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды», – деді Олжас Хайруллаев.

Еске салсақ, тергеу барысында блогерлерге тиесілі компаниялардың есепшоттары бұғатталып, бірқатар мүлік тәркіленген. Олардың қатарында ұтыс ойындарына арналды делінген 17 жаңа iPhone смартфоны, 8 Hyundai Elantra автокөлігі, сондай-ақ блогерлердің жеке пайдаланған Lamborghini Urus және Lexus LX 600 көліктері бар. Айыптау актісінде блогерлердің 274 млн теңге көлемінде пайда тапқаны көрсетілген.

КІНӘЛАРЫН МОЙЫНДАМАДЫ

Сот отырысы басталысымен айыпталушылардың қорғаушысы Гаухар Айтжанова бірқатар куәгерлерді және қылмыстық іс бойынша екі тергеушіні сотқа шақыру туралы өтініш білдірді. Бірақ, мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев тергеушілерді шақыруға қарсы шығып, соттан бұл өтінішті қанағаттандырмауды сұрады.

Ал, судья қорғаушы ұсынынысын ішінара қанағаттандырып, куәгерлерді шақыруға келісім берді. Алайда тергеушілерді шақыру мәселесі әзірге ашық қалдырылды. Сонымен қатар сот Астана қаласының прокуратурасын блогерлерге қарсы берілген азаматтық талап бойынша талапкер ретінде таныды.

сот
nege.kz

Осыдан кейін прокурор 30 минут бойы айыптау актісін оқып берді. Артынша судья блогерлерден тағылған айыптарға қатысты ұстанымдарын нақтылады. Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова өздеріне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеп, кінәларын мойындамайтынын айтты.

Эльмира Төлегенова бұл мәселеге қатысты өздерінің және қорғаушысының толық ұстанымы кейінірек айтылатынын жеткізді.

«ӨТІРІК АЙТТЫМ»

Бұдан кейін іс бойынша куәгерлер сұрала бастады. Алғашқы болып IT маманы Сұнғат Өтебұлатов жауап берді. Ол блогерлер ұйымдастырған лотереядағы «сәттілік барабаны» жүйесін және оқу курсының сайтын әзірлген.

Куәгердің сөзінше, ол бұл жұмыс үшін бастапқыда 10 млн теңге алуы керек болған. Алайда, келісімдер кезінде 7-8 млн теңгеге мәмілеге келіп, осыншама табыс тапқанын айтты.

Сұнғат Өтебұлатовқа адвокат Гаухар Айтжанова блогерлер ұтыс нәтижесіне ықпал ете алды ма деген сұрақ қойды. Ол Жанабыловтардың лотерея нәтижесіне әсер ете алмайтынын түсіндірді.

«Жанабыловтар “сәттілік барабанының” нәтижесін өзгертуге ықпал ете алмайды. Жүлделерді кімге беру керек екенін өздері белгілей алмайды. Ойнатылатын жүлделердің, мысалы IPhon немесе құлаққап секілді ұтыстардың санын белгілеуге ғана болады», – деді ол Гаухар Айтжановаға.

куагер
nege.kz

Сондай ақ, айыпталушы Ерболат Жанабылов куәгерден тергеу кезінде тергеушінің қандай жағдайда сұрақ қойғанын сұрады. Өтеболатовтың айтуынша, тергеуші жауап алу кезінде бір сауалды бірнеше рет қойып, қобалжыған. 

«Тергеуші қобалжып отырды. Сұрақтардың 70–80%-ы қайта-қайта қойылды. Мен жауаптарымды бірнеше рет түзеттім. Жанабылов деген текті Төлегенова деп өзгертуді сұрадым, бірақ бір жерде бұрынғы тегі сол күйі қалып қойған», – деді куәгер.

Осыдан кейін прокурор куәгердің тергеу кезінде берген бұрынғы жауабын оқып берді. Сол жауапта тергеуші куәгерден блогерлер ұтыс ойындарын өткізгені үшін жауапкершілік бар екенін білген-білмегенін сұраған.

Куәгер тергеушіге: «Олар мұндай жауапкершілік барын білген болуы мүмкін. Өйткені бұған дейін басқа блогерлер де осындай әрекеті үшін жауапкершілікке тартылған», – деп жауап берген.

Мұны еске салған мемлекеттік айыптаушы Жанабыловтар мұндай жауапкершілік туралы алдын ала хабардар болғанын меңзеді.

Судья куәгерден осыған дейінгі жауаптарын қолдай ма деген сұрақ қойған кезде, Өтеболатов тергеу барысында берген көрсетулерін растайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, Қаржы мониторингі агенттігі Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованы заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысты және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастырды деп айыптап отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылы олар онлайн-курстар сату деген желеумен заңсыз лотерея ұйымдастырып, қымбат сыйлықтар ойнатқан.

ҚМА мәліметінше, блогерлер сатқан курстардың нақты құндылығы жоқ. Ал жүлделер блогерлердің жеке қаражатына емес, осы курстарды сатудан түскен ақша есебінен алынған.

Қазір оқып жатыр

«Ақтөбе» жанкүйерлері Нани мен Love Айканың суретін өшіруді талап етті

Нани, Айка

Қазақстан туы әлемдегі ең әдемі ту деп танылды

ұлттық бірегейлік

Астанада лауазымды тұлғаның қателігінен педагогтер әлеуметтік аударымнан қағылған

әлеуметтік төлем

Тоқаев туристік сала мен балалар спортын қолдауға арналған заңға қол қойды

Жарлық