Жамбыл облысындағы жасөспірімдер қазасы: өңірде Балалар құқықтарын қорғау басқармасы құрылды
Жамбыл облысында жасөспірімдер суицидінен кейін Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы болып Эльмира Мырза-Ғали тағайындалды.
Астана, NEGE. Әкімдік мәліметі бойынша, Эльмира Иниятқызы 1980 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген.
2001 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті, қытай тілі» мамандығын тәмамдаған. 2002 жылы аталған оқу орнында «филология» мамандығы бойынша магистратураны бітірген.
Еңбек жолын Б.Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясында шығыс поэзиясы мен шешендік өнер пәнінің мұғалімі болып бастаған.
Әр жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасында оқытушы, аталған университеттің аспиранты, Қазақстан Республикалық телерадиокорпорациясы АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалында редактор, аға редактор, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жамбыл-Тараз» газетінде бас редактор, директор қызметтерін атқарған.
2021 жылдан бастап Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығын басқарып келген.
Еске салсақ, биыл 15 сәуірде Қаракемер ауылындағы сарайлардың бірінде 9-сыныптың екі оқушысының өлі денесі табылғаны жөнінде ақпарат шықты. Жергілікті полицейлер суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Осы хабар шыққаннан кейін ауыл тұрғындары мұндай жағдай аядай ауылда соңғы бес айдың ішінде бесінші рет қайталанып отырғанын айтып, дабыл қақты.
Тұрғындардың мәлімдеуінше, ауылда желтоқсан айынан бергі бес айдың ішінде бес бала өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған. Бұдан бөлек, тағы да екі жағдай дер кезінде тоқтатылған.
Айта кетерлігі, бұл жағдайдың барлығы осы облысқа қарасты Тастөбе ауылындағы 9-сынып оқушысының қазасына байланысты сот процесі жүріп жатқан тұста болған. Тастөбелік оқушы өз-өзіне қол жұмсаған. Тергеп-тексеру барысында оның буллингке ұшырағаны анықталып, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Таяуда осы іс бойынша үкім шығып, ауылдың 22 жастағы тұрғыны 8 жылға мен 10 және 11-сыныптың екі оқушысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қаракемер ауылындағы жағдайға байланысты мән-жайды білмек болып Ішкі істер министрлігіне ресми сауалхат жолдағанымызда бұл деректер бойынша бес қылмыстық іс тіркелгені мәлім болды, оның ішінде бір қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамы анықталмағандықтан тоқтатылған. Полицейлер қазіргі уақытта төрт қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Ал әкімдіктің редакция жолдаған ресми сауалхатына берген жауабында жалпы облыс бойынша 2026 жылдың есепті кезеңінде кәмелетке толмағандар арасында жеті суицид дерегі тіркелгені айтылған. Жыл басталғалы бергі төрт айда тіркелген жеті (6 ұл, 1 қыз) жағдайдың бесеуі Қордай ауданында, біреуі Т.Рысқұлов ауданында, біреуі Байзақ ауданында орын алған. Оның ішінде үш жасөспірім 12-13 жас аралығында, төрт жасөспірім 15–17 жаста болған. Балалардың барлығы көпбалалы отбасынан шыққан.