Жамбыл облысында ірі көлемде марихуана тасымалдаған күдіктілер ұсталды
Жамбыл облысында ірі көлемде марихуана тасымалдаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің және Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз тасымалдаған күдікті адамдар тобын ұстады.
Жедел ақпарат бойынша Тараз қаласына кірген Audi-80 көлігі тоқтатылды, көлікте төрт жергілікті тұрғын болған. Құқық қорғау қызметкерлері көліктің багажынан 4 қап кептірілмеген марихуана тапты. Алынған есірткі заттарының жалпы салмағы 24 келіден астам.
Алдын ала алынған мәліметтерге сүйенсек, марихуана Тұрар Рысқұлов ауданының құмды аймағында дайындалған.
Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары басталды.
Қазіргі уақытта көліктегі екі жолаушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған күдіктілерге қатысты қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Күдіктілерді ұстау іс-шарасына Жамбыл облысы прокуратурасы қатысқан.
Құқық қорғау органдары облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымын анықтау және тоқтату бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде.