Жалған инвестициялар: Алаяқтарды қалай анықтауға болады?
«Қазір 1000 теңге сал да, ертең-ақ 50 000 теңге ал!» – деген сипаттағы жарнамалар жиі кездеседі. Көпшілігіміз бұған сенуге болмайтынын білеміз, мұндай жарнамаларды бірден өткізіп жібереміз. Бірақ егер «инвестиция» салуды танымал блогер, банк немесе ұлттық компания ұсынса ше? Мұндай ұсынысқа сенуге бола ма, жоқ па — осы материалда айтып береміз.
Алаяқтық схемасы қалай жұмыс істейді?
Кибералаяқтар әлеуметтік желілерде «жаңа инвестициялық платформа» немесе «инвестжоба» туралы жарнама жариялайды. Онда олар шағын салыммен-ақ бірнеше күн ішінде жоғары табыс табуға уәде береді. Бұл — тұзақ. Себебі пайдаланушылар салған ақшаның бәрі тікелей алаяқтардың қалтасына түседі.
Ешкім бірден ірі сома салмайды. Алаяқтар үшін майда сома тиімсіз емес пе?
Алаяқтардың мақсаты — ірі ақша. Алғашында олар сенімге кіріп, адамға шағын сома салғызады. Тіпті алғашқы салымнан кейін біраз «пайдамен» ақшаны қайтарып береді. Осылайша сенімді күшейтеді. Құрбан толық сенген кезде, ол үлкен сомада инвестиция салуға дайын болады. Дәл осы сәтте алаяқтар бар ақшаны алып, жоқ болады.
Жарнама тартымды көрінеді. Оның жалған екенін қалай білуге болады?
Назар аударыңыз, негізгі «қызыл жалаушалар»:
• Жарнама анонимді, бейресми аккаунтта жарияланған және жарнама ретінде белгіленген.
• Жоба танымал банк немесе компания атынан ұсынылғанымен, ресми сайт не қосымшамен байланысы жоқ. Ол әдетте бөгде, күмәнді ресурста орналасады.
• Үлкен табыс уәде етіледі. Ал бұл — заңсыз. Қазақстандағы «Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» заңның 7-бабында бұл тікелей тыйым салынған.
• Асықтыру тактикасы қолданылады: «алғашқы 100 салымшыға бонус», «шектеулі уақыт» секілді тіркестер жиі кездеседі.
• «Инвест-платформаны» жүктеу сілтемесі мессенджер арқылы келеді және ол AppStore немесе GooglePlay емес, күмәнді сайтқа апарады. Мұндай қосымша шпиондық бағдарлама болуы мүмкін — ол логиндеріңіз бен құпиясөздеріңізді ұрлап, бөгде адамдарға жібереді.
Бейнероликте танымал адам инвестициялық платформаны жарнамалап жатыр. Ендеше, бұл алаяқтық емес қой?
Жоқ. Видеода жұлдыздар, саясаткерлер немесе кәсіпкерлер қатысқан болса да, бұл ешқандай кепілдік бермейді.
Алаяқтар жасанды интеллект көмегімен танымал тұлғалардың бейнесін өте шынайы етіп жасап, оларды жарнамада қолдана алады. Ал шын мәнінде бұл адамдар бұдан бейхабар болуы мүмкін.
Жарнамада ірі банк немесе ұлттық компания аты аталады. Демек, сенуге бола ма?
Жоқ. Алаяқтар графикалық редакторлар арқылы кез келген логотипті немесе компания атауын жарнамаға қоса алады. Бұл ештеңені дәлелдемейді.
Жарнаманың рас-өтірігін тексерудің жолы бар ма?
Иә, тексерудің бірнеше қарапайым әрі тиімді тәсілі бар:
• Видеоны тексеру: Егер жарнамада танымал адам сөйлесе, оны deepfakedetector.ai сияқты онлайн-сервистер арқылы тексеруге болады. Бұл құрал видеоны нейрожелі жасап шығарғанын анықтап береді.
• Іздеу жүйесі арқылы тексеру: Бейнероликтегі адамның есімін және «жарнама», «инвестиция», «алаяқтар» деген сөздерді қоса жазып, интернеттен іздеңіз. Егер бұл жалған жарнама болса, ол туралы әлдеқашан ескерту жарияланған болуы мүмкін.
• Ресми дереккөзді тексеру: Егер жарнамада банк, ұлттық компания немесе белгілі ұйым аты көрсетілсе, сол ұйымның ресми сайтына не мобильді қосымшасына кіріп, ақпаратты тексеріңіз. Егер ұсыныс шынайы болса, ресми дереккөзде нақты мәліметтер мен шарттар көрсетіледі. Егер мұндай ақпарат жоқ болса немесе алаяқтық туралы ескерту болса — ол жарнамаға сенуге болмайды.
Шынайы инвестициялық бағдарламаларды жалғанынан ажырататын белгілер бар ма?
Иә, бар. Қазақстанда жұмыс істейтін барлық брокерлер міндетті түрде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізетін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары тізіміне енгізілуі тиіс. Бұл тізімді агенттіктің ресми сайтынан тексеруге болады. Егер инвестициялық платформа атауы бұл тізімде жоқ болса, онда оған ақша сеніп тапсыруға болмайды.
Нағыз брокерді алаяқтан ажырату қиын емес. Ең бастысы — сақтық таныту және интернеттегі жеңіл табысқа уәде беретін жарнамаға сене бермеу.
«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» ақпараттық науқаны аясында фейк инвестицияларға қатысты жаңа бейнеролик жарық көрді. Онда алаяқтардың нақты қалай әрекет ететіні көрсетіледі.