Жақсылық Омарға қатысты үкім қайта қаралады
Шығыс Қазақстан облыстық соты бұрынғы облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты істі 20 мамырда апелляциялық тәртіппен қарайды.
Астана, NEGE. 3 сәуірде Жақсылық Омар алаяқтық және пара алу баптары бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бірінші сатыдағы сот істі қысқартылған тәртіппен қараған.
24 сәуірде іс Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына түскен. Апелляциялық шағымды бір судья жеке қарайды.
Сот қаулысына сәйкес, отырыс ашық режимде өтеді. Ал сотталушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды.
Еске салайық, Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуірінен бері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Бұған дейін облыс әкімінің кеңесшісі, сондай-ақ Өскемен қаласының әкімі болған.