Заң күшейді, қорқыныш сейілмеді: тұрмыстық зорлық-зомбылық неге толастамай тұр?

Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдай қайта күрделеніп барады. 2024 жылы әйелді ұрып-соғу мен денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілсе де, жан түршігерлік әйел өлімдері толастамай тұр.

magnific.com

Астана, NEGE. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасаған 41 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 11 мыңнан астам адам қамауға алынып, 35 мыңнан астам агрессорға қорғау нұсқамасы берілген. Сонымен қатар осы саладағы ауыр және аса ауыр қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға, ал тұрмыстық жанжал салдарынан қаза тапқандар саны 20%-ға азайған.

Ресми статистикадағы оң динамикаға қарамастан, кейінгі қайғылы оқиғалар мәселенің әлі де өте өткір екенін көрсетеді. Сарапшылар мұндай парадоксты жауапқа тарту жүйесінің күрделілігімен, ұзаққа созылатын сот процестерімен, туыстар тарапынан болатын қысыммен және қоғамдағы стигмамен түсіндіреді. Оның үстіне, ресми есепке ілікпей, тасада қалып жатқан оқиғалар қаншама.

Тұрмыстық агрессияның түпкі себебі неде? Өз үйінде қорқыныш пен қысымда өмір сүріп жатқан әйел нені білуі керек және өзін қорғау үшін қандай нақты әрекет жасағаны жөн? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назым Жанғазымен сұхбаттастық.

Назым Жанғазы, Facebook-тегі парақшасынан

Назым ханым, соңғы кездері әлеуметтік желілерде де, жаңалықтарда да әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық оқиғалары тым жиілеп кетті. Тіпті «Барни» үшін сабалған әйелдің өлімі сияқты абсурд жағдайлар да бар. Мұндай агрессияның түпкі тамыры неден басталады?

– Мұндай қайғылы оқиғаларды талқылағанда «Ол әйелді не үшін ұрды?» деген сұрақтың төңірегінде қалып қоймауымыз керек. Шоколад үшін, тамақ үшін, үйге кеш келгені үшін немесе қызғаныштан ұрды деу зорлық-зомбылықтың себебін түсіндірмейді. Бұлардың бәрі – тек сылтау.

Зорлық-зомбылықтың негізгі себебі – бір адамның екінші адамға күш көрсетуді, оны қорлауды немесе ауыртуды қалыпты әрі рұқсат етілген әрекет деп қабылдауында, күшті өзгені бағындыру мен бақылаудың құралы ретінде пайдалануында жатыр.

Мәселенің тамыры әлдеқайда тереңде: ол отбасындағы тәрбиеден де басталуы мүмкін. Мысалы, ұл балаға кішкентайынан «ер адам үстем болуы керек», ал қыз балаға «қандай жағдай болса да шыдап, отбасыны сақтауың керек» деген түсінік сіңіріледі. Бұған отбасындағы агрессияны қалыпты құбылыс ретінде қабылдау, әйелдің экономикалық және психологиялық тәуелділігі, «ерлі-зайыптылардың арасында болған нәрсе – олардың жеке мәселесі» деген көзқарас та әсер етеді.

Тағы бір маңызды мәселе бар: тұрмыстық зорлық-зомбылық бірден ауыр соққыдан бастала бермейді. Көп жағдайда ол біртіндеп өршиді: алдымен кемсіту, әр қадамын бақылау, жақындарымен араласуына тыйым салу, ақшасы мен телефонын тексеру, орынсыз қызғаныш, қорқыту басталады. Кейін итеру, алғашқы шапалақ пайда болып, уақыт өте зорлықтың түрі ауырлай береді. Сондықтан біз зорлық-зомбылықты қайғылы жағдай болғаннан кейін ғана емес, оның алғашқы белгілерінен-ақ танып үйренуіміз керек.

Бұл мәселені тек «жаман ер адамдардың» әрекеті деп қарастыру да жеткіліксіз. Егер жағдайды жүйелі түрде өзгерткіміз келсе, зорлық-зомбылықты не қатаң айыптайтын, не үнсіз қабылдайтын ортаның өзін өзгертуіміз қажет. Отбасы адамның негізгі құқықтары әрекет етпейтін аумақ болмауы керек.

Әлеуметтік желіде мұндай жаңалықты көргенде кей адамдар: «ұрса, неге кете салмайды?», «неге шыдап отыр?» деп әйелдің өзін айыптап жатады. Әйелдердің мұндай қауіпті жағдайда қалып қоюының артында қандай қысымдар тұруы мүмкін?

– «Неге ол жай ғана кетіп қалмады?» деген сұрақ мұндай қарым-қатынастың ішінде ешқашан болып көрмеген адамға ғана оңай көрінуі мүмкін.

Әйелді мұндай ортада ұстап қалатын ондаған себеп бар. Өзінің және балаларының өмірі үшін қорқуы, қаржылық тәуелділік, жеке баспанасының немесе жұмысының болмауы – соның бір бөлігі ғана. Оған қоса, «балаларың үшін шыда», «қайда барасың?», «ел-жұрт не дейді?» деген туыстардың қысымы болуы мүмкін. Қоғамның айыптауынан қорқу, күйеуінің балаларын тартып аламын немесе өзіңе, жақындарыңа зиян келтіремін деген қоқан-лоқысы да әйелдің кетуіне кедергі келтіреді.

Зорлық-зомбылықтың психологиясын да түсінуіміз қажет. Абьюзивті қарым-қатынас көбіне белгілі бір циклмен қайталанады. Агрессиядан кейін өкініш білдіру, кешірім сұрау, «енді қайталанбайды» деген уәде, сыйлық жасау, біраз уақыт тыныш өмір сүру кезеңі келеді. Әйел әр жолы «бұл соңғы рет шығар» деген үмітпен жылдар бойы өмір сүруі мүмкін.

Ұзақ уақыт психологиялық қысымда жүрген адамның өзіне деген сенімі де біртіндеп жоғалады. Егер оған жылдар бойы «сен ешкімге керек емессің», «менсіз ештеңе істей алмайсың», «бәріне өзің кінәлісің» деп айта берсе, бір күні ол соған өзі де сене бастайды.

Сондықтан қоғам «Неге ол кетпеді?» деп сұрамауы керек. Оның орнына «Оның кетуіне не кедергі болып тұр және қауіпті ортадан қауіпсіз шығуына біз қалай көмектесе аламыз?» деген сұрақ қоюымыз керек.

Бұл екеуінің айырмашылығы өте үлкен. Бірінші жағдайда жауапкершілікті жәбірленушінің өзіне артамыз. Ал екінші жағдайда мемлекеттің, отбасының және тұтас қоғамның жауапкершілігіне қараймыз.

«Отбасының ішкі ісіне араласпау керек», «Ұят болады» деген көзқарасқа келсек: көрші үйде айқай-шу болып жатса, қарапайым азамат ретінде біз қай сәтте және қалай араласуымыз керек?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбындағы ең қауіпті сөздердің бірі – «бұл олардың отбасылық мәселесі» деп айтуымызда деп есептеймін. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, бұл отбасылық жанжал болудан қалады. Себебі бұл – қауіпсіздік мәселесі. Ықтимал зорлық-зомбылық туралы хабарлау – «біреудің үстінен арыздану» немесе бөтен отбасының өміріне араласу емес, кей жағдайда бұл – қарапайым азаматтық жауапкершілік.

Бір жағынан, егер көрші пәтерден ұзақ уақыт бойы айқай, жылаған дауыс, қорқыту, соққы дыбыстары немесе көмек сұраған адамның даусы естілсе, әсіресе ол үйде балалар болса, өз бетімізбен барып жанжалды тоқтатуға тырысып, өзімізге де қауіп төндірмеуіміз керек. Мұндай жағдайда полицияға хабарласқан дұрыс. Сондай-ақ Қазақстанда отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 111 байланыс орталығы бар.

Бұл жерде бір қарапайым қағиданы есте ұстаған жөн, отбасылық жанжал шығар деп полиция шақырып, бір рет қателескеннің өзі әлдеқайда дұрыс. Өйткені бір күні шынымен адам өміріне қауіп төніп тұрғанда үнсіз қалып қоюымыз мүмкін. Бұл, әсіресе, балаларға қатысты маңызды. Үйінде үнемі зорлық-зомбылық болып тұратын балаға қол көтерілмесе де, ол сол жағдайдан зардап шегеді. Себебі ол үнемі қорқынышпен өмір сүреді әрі мұндай қарым-қатынасты қалыпты отбасы үлгісі ретінде қабылдап өсуі мүмкін.

pixabay

Елімізде әйелдердің құқығын қорғауға бағытталған заңдар мен бастамалар бар екенін білеміз. Бірақ жүйе ретінде алсақ, әйел өз үйінде толық қауіпсіз сезінуі үшін не жетіспейді немесе тәжірибеде әлі де ақсап тұрған нормалар бар ма?

– Соңғы жылдары Қазақстан заңнамалық тұрғыдан айтарлықтай маңызды қадамдар жасады. 2024 жылы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Атап айтқанда, ұрып-соғу қайтадан қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды. Қорғау нұсқамасы, агрессордың мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу, жәбірленушімен байланысын шектеу секілді қорғаныс тетіктері де бар.

Бірақ заң қабылдау – жұмыстың бір бөлігі ғана. Меніңше, бүгінгі негізгі мәселе норманың бар-жоғында емес, оның қаншалықты жедел әрі бұлжымай орындалатынында. Әйел бүгін қорқыту немесе соққыға жығу дерегі бойынша көмек сұраса, ертең сол адаммен қайтадан жалғыз қалып, кек алу қаупі одан сайын күшеймейтініне сенімді болуы керек.

Сондықтан бірнеше бағытты күшейту қажет деп есептеймін. Біріншіден, қауіп-қатер деңгейі қайғылы жағдай болғаннан кейін емес, алғашқы өтініш түскен сәттен бастап бағалануы керек. Егер адам бұрын өлтіремін деп қорқытса, тұншықтыруға әрекет жасаса, әйелді аңдыса, жүйелі түрде ұрып-соқса немесе қорғау нұсқамасын бұзса – мұның бәрі аса жоғары қауіптің белгісі ретінде қабылдануы қажет. Екіншіден, әйелге тек полицияның көмегі жеткіліксіз болуы мүмкін. Оған бір мезгілде қауіпсіз баспана, заңгер, психолог, балаларға көмек, құжаттарын қалпына келтіру және табыс табу мүмкіндігі қажет болуы ықтимал. Елімізде дағдарыс орталықтары мен өзге де көмек көрсету ұйымдары жұмыс істейді. Бірақ мұндай қызметтер ірі қалаларда ғана емес, аудандар мен ауылдарда да бірдей қолжетімді болуы өте маңызды. Үшіншіден, агрессордың өзімен де жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. Оның жәбірленушімен байланысын шектеу – кей жағдайда өмірлік маңызы бар шара. Бірақ адамның мінез-құлқы өзгермесе, қауіп жылдар бойы сақталуы мүмкін.

Ең бастысы, «зорлық болғаннан кейін әйелді құтқару» моделінен «қауіпті ерте анықтап, ауыр қылмыстың алдын алу» моделіне көшуіміз керек. Меніңше, жүйенің келесі даму кезеңі осы болуы тиіс.

Сонымен бірге қол жеткізілген нәтижелерді де объективті бағалау керек. Women, Peace and Security Index халықаралық индексінің жаңартылған нұсқасында Қазақстан 181 елдің арасында 0,722 көрсеткішпен 72-орынға ие болды. Бұл индекс әйелдердің қоғам өміріне қатысуын, құқықтық қорғалуын және қауіпсіздігін кешенді түрде бағалайды. Қазақстан осы көрсеткіш бойынша Орталық Азияда көш бастап, Қытай мен Түркия секілді бірқатар ірі мемлекеттерден де жоғары орналасқан.

Мен үшін бұл – маңызды көрсеткіш. Өйткені соңғы жылдары заңнаманың күшеюі, әйелдердің қауіпсіздігіне мемлекеттік деңгейде назар аударылуы және қорғау тетіктерінің дамуы белгілі бір нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.

Алайда халықаралық рейтингтерді дұрыс түсінуіміз керек. 72-орын «мәселе толық шешілді» дегенді білдірмейді. Керісінше, дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді, бірақ атқарылатын жұмыс әлі де көп. Өйткені халықаралық индекс елдегі әйелдердің жағдайын кешенді бағалайды. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әрбір нақты оқиғасында жүйенің ең төменгі деңгейде қалай жұмыс істейтіні шешуші рөл атқарады: арыз қаншалықты тез қабылданды, қауіп деңгейі дұрыс бағаланды ма, әйел дер кезінде қорғалды ма, балаларымен бірге баратын қауіпсіз жері болды ма?

Жүйенің шынайы тиімділігі халықаралық рейтингтегі орнымен ғана өлшенбеуі керек. Шағын ауылдағы әйел өз өмірін қорғау үшін қоғамдық резонансқа, танымал адвокатқа немесе әлеуметтік желідегі мыңдаған репостқа мұқтаж болмайтын жағдайға жетуіміз қажет. Бүкіл ел білетін әйелді де, әлеуметтік желіде оқиғасы ешқашан жарияланбайтын әйелді де жүйе бірдей қорғай алғанда ғана тұрақты нәтиже туралы айтуға болады.

NEGE

 

– Бүгінгі таңда БАҚ пен әлеуметтік желідегі қоғамдық резонанс әділдікке жетудің басты құралына айналып кеткендей. Мәселе резонанс болғаннан кейін ғана емес, жүйелі түрде шешілуі үшін біз не істеуіміз керек?

– Қоғамдық резонанстың зорлық-зомбылық мәселесін көлеңкеден шығарудағы рөлі өте үлкен. БАҚ, журналистер, белсенділер және әлеуметтік желілер қоғамды ондаған жыл бойы ашық айтылмай келген мәселелер туралы сөйлесуге мәжбүр етті. Бірақ мұның екінші жағы да бар: адамның қорғалуға деген құқығы қаралым мен репост санына тәуелді болмауы керек.

Шағын ауылда тұратын, Instagram-ы жоқ, таныс журналисі жоқ немесе оқиғасын видеоға түсіріп, жұртқа жеткізуге мүмкіндігі жоқ әйелдің қауіпсіздікке құқығы бүкіл ел талқылап жатқан әйелдікімен бірдей болуы қажет.

Сондықтан қазір қоғамдық резонанс арқылы қамтамасыз етіліп жүрген жедел әрекет ету, істі бақылау, тәуекелге назар аудару және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі жүйенің қалыпты жұмыс істеу қағидатына айналуы керек.

Ауыр қылмыс болған кезде тек оның өзін емес, оған дейінгі бүкіл жағдайды талдау маңызды деп есептеймін. Әйел бұған дейін көмек сұрады ма? Неше рет жүгінді? Арыздары болды ма? Қорғау нұсқамасы берілді ме? Ол бұзылды ма? Қауіп деңгейін кім және қалай бағалады? Тиісті органдар қандай әрекет жасады?

Әрбір ауыр оқиға тек қылмыстық іс болып қалмай, жүйенің қай жерде ертерек әрекет етуге мүмкіндігі болғанын анықтайтын талдау материалына айналуы тиіс.

Бізге қайғылы оқиғаларды әлеуметтік желіде бірнеше күн талқылап қана қоймай, әр трагедиядан қорытынды шығарып, келесісінің алдын алуды үйренетін жүйе қажет. Сонда жұмыстың басты көрсеткіші резонанстан кейін қанша адамның ұсталғаны емес, қоғам естімей тұрып қанша трагедияның алдын алғанымыз болады.

Зорлық-зомбылықтың алдын алуда ер адамдармен жұмыс қаншалықты маңызды? Қоғамда ер адамды агрессиясын жасыруға, эмоциясын күш көрсету арқылы білдіруге итермелейтін қандай стереотиптер бар және оларды қалай өзгертуге болады?

Біз ұзақ уақыт бойы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысын негізінен әйелдердің төңірегінде құрып келдік. Әйелге қауіпті қалай тану керек, қалай кету керек, қайда көмек сұрау керек, өзін қалай қорғау керек екенін үйреттік. Бірақ зорлық-зомбылықты шынымен азайтқымыз келсе, оның алдын алу жауапкершілігін тағы да әйелдің мойнына арта беруге болмайды. Зорлық көрсетуі ықтимал адамдармен де жұмыс істеу қажет.

Қоғамымызда ер адамның рөліне қатысты әлі де қатаң стереотиптер бар: «еркек жыламайды», «еркек әрқашан мықты болуы керек», «соңғы сөзді ер адам айтуы керек», «қызғанса – жақсы көргені», «әйел күйеуін тыңдауы керек» деген секілді түсініктер кездеседі. Осындай ортада өскен кейбір ұл бала есейгенде өзінің қорқынышын, жан күйзелісін, қызғанышын немесе дәрменсіздігін ашуланудан басқа жолмен білдіруді білмеуі мүмкін.

Бірақ бұл жерде бір нәрсені анық ажыратуымыз керек, түсіндіру – ақтау емес. Стереотиптер белгілі бір мінез-құлықтың қайдан пайда болғанын түсіндіруі мүмкін, бірақ олар ешқашан зорлық-зомбылықты ақтамайды. Қол көтергені үшін жауапкершілік әрдайым сол әрекетті жасаған адамның өзінде болады.

Сондықтан жұмысты отбасынан және мектептен бастау керек. Ұл балаға тек мықты болуды емес, өз сезімін ашық айтуды, «жоқ» деген жауапты қабылдай білуді, өзгенің жеке шекарасын құрметтеуді, жанжалды қорлау мен күш қолданбай шешуді үйретуіміз қажет.

Ересек ер адамдармен де жұмыс жүргізілуі тиіс. Психологиялық көмек, агрессивті мінез-құлықты түзету бағдарламалары, тәуелділіктермен жұмыс, жауапты әкелік мәдениетін қалыптастыру – мұның барлығы профилактиканың бір бөлігі болуы керек. Қазақстан заңнамасында да белгілі бір жағдайларда құқықбұзушыға психологиялық көмек көрсету жөніндегі шараларды сот арқылы белгілеу мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар қоғамдағы «мықты ер азамат» деген түсініктің өзін өзгерту маңызды. Ер адамның күші – әйелді бақылауда ұстай алуында емес. Нағыз күш – өзін-өзі ұстай білуінде.

Егер келесі ұрпақтағы ұл бала үшін психологқа жүгіну, өзінің қателескенін мойындау, ашуын сөзбен жеткізу және жанжалды сабырмен шешу қалыпты нәрсеге айналса, қоғам да өзгереді.

Түптеп келгенде, әйелдерді қорғау туралы әңгіме әйелдер мен ерлердің арасындағы күрес емес. Бұл – отбасымыздың қандай болатыны, балаларымыздың қандай ортада өсетіні және келесі ұрпаққа қандай қоғам қалдыратынымыз туралы әңгіме.

Дәл қазір осы сұхбатты оқып отырған, өз үйінде қорқыныш пен қысымда өмір сүріп жатқан әйелге не айтар едіңіз? Өзін қорғау үшін ең бірінші нақты қандай қадам жасауы керек?

– Ең алдымен ондай әйелге айтарым: көмек сұрау үшін жағдайдың «одан әрі нашарлауын» күтпеңіз. Егер сіз өз үйіңізде қорқынышпен өмір сүріп жүрсеңіз, осының өзі –  қауіпсіздігіңізді ойлауға жеткілікті себеп.

Егер дәл қазір өміріңізге немесе денсаулығыңызға тікелей қауіп төніп тұрса, бірінші кезекте қауіпсіз жерге шығуға тырысып, полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласу қажет. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін 111 байланыс орталығына жүгінуге болады. Қазақстанда психологиялық, заңгерлік және өзге де көмек көрсететін дағдарыс орталықтары мен паналау орындары бар.

Егер дәл осы сәтте тікелей қауіп болмаса, бірақ зорлық-зомбылық жүйелі түрде қайталанып жүрсе, қауіпсіздік жоспарын алдын ала дайындау маңызды. Ең болмаса өзіңіз сенетін бір адамға жағдайды айтыңыз. Қажет болған жағдайда қайда баратыныңызды алдын ала ойластырыңыз. Құжаттарыңыз, телефоныңыз, қажетті заттар мен ақшаңыз жылдам ала алатын жерде тұрғаны дұрыс. Мүмкіндік болса және өзіңізге қосымша қауіп тудырмаса, қоқан-лоқы мен зорлық-зомбылықтың салдарын тіркеп отырған жөн.

​Тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіздік. Егер жағдай қауіпті болса, агрессорға «ертең сенен кетемін» деп алдын ала ескертудің қажеті жоқ. Зорлық-зомбылық бар қарым-қатынастан кету немесе ажырасу кезеңі әйел үшін ең қауіпті сәттердің біріне айналуы мүмкін. Сондықтан кету жоспарын ең алдымен қауіпсіздікті ескере отырып құру керек.

Көмек сұрауды отбасын бұзу деп қабылдамау қажет. Отбасын бұзатын – зорлық-зомбылық. Ал өзін және балаларын қорғауға тырысқан әйел оған кінәлі емес.