Қызға талап көп, ұлға неге аз: Қазақстанда әкелер институты әлсіреді ме
Соңғы екі аптада жамбылдық Мадина Рашидқызы отбасындағы жанжалдан кейін қаза тапқан соң, Қазақстанда әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмуы мәселесі қайта көтерілді. Әлеуметтік желіде бұған әке институтының әлсіреуі себеп болып отырғаны айтылып, ұл тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін жеке институт құру қажет деген пікірлер де тарады.
Астана, NEGE. Редакция Қазақстандағы әке институты шынымен әлсіреді ме, қазіргі әкенің рөлі қалай өзгерді деген сұрақтарды зерттеушілермен және тарихшымен талқылады. ҚДИ Отбасылық саясат бөлімінің бас сарапшысы Руслан Ибраев әке мен бала арасындағы эмоциялық алшақтықтың бір себебін өткен ғасырдағы тарихи оқиғалармен байланыстырады. Оның айтуынша, ашаршылықты, қуғын-сүргін мен соғысты бастан өткерген буын әкелік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа толық жеткізе алмады.
«1930–1940 жылдары өмір сүрген буынды “үнсіз ұрпақ” деп атайды. Олар қоғам түбегейлі өзгерген кезеңде өмір сүрді және өздерінің отбасылық, әкелік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізбеді. Зерттеу барысында сол буын өкілдерінің балаларынан: “Әкем маған: сендер жаңа заманда өмір сүріп жатырсыңдар. Болашақта сендерге ненің пайдалы, ненің зиян екенін білмеймін. Сондықтан өзімнің әкелік тәжірибемді саған бере алмаймын, – деп айтатын”, – деген жауаптарды естідік», – дейді Руслан Ибраев.
Оның сөзінше, мұндай тарихи тәжірибе ер адамдардың эмоциясын көрсетуіне де әсер еткен. Қиын кезеңдерді бастан өткерген буын үшін сезімді іште сақтау қалыпты мінез-құлыққа айналған.
«Бұл “үнсіз ұрпақ” көп жағдайда салқын, ішіндегі эмоциясын көрсете алмайтын. Өйткені олар үлкен нәубетті бастан өткерді, бөлісетін сезімдері қиянат еді. Ал қазіргі миллениалдар жақсы заманда туды. Бөлісетін нәрсеміз бар, ішіміздегі сезімді көрсете аламыз. Біз әлсіз болудан қорықпаймыз», – деді сарапшы.
«Қызды тәрбиелейміз, ал ұлды әке болуға дайындаймыз ба?»
Тарихшы Зере Мұқанқызы бүгінгі мәселені тек әке мен баланың арасындағы қарым-қатынаспен шектеуге болмайды деп есептейді. Оның пікірінше, қоғамда қыз бала мен ұл балаға қойылатын талаптың өзінде үлкен айырмашылық бар.
«Бүгінгі таңда қыздарға ақыл айтатын адам көп. “Ақылды бол”, “ибалы бол”, “оқы”, “еңбек ет”, “тұрмысқа шық” деген бітпейтін ақыл айтылады. Ал жігіттерге келгенде қоғам болып қорғап, ақтап алуға тырысамыз. “Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық” деген түсініктің сарқыншағы әлі де бар. Тіпті отбасында мәселе туындаса, әйелдің өзінен кінә іздейтін кеңестерді жиі естиміз. Біз қыз баланы болашақ өмірге дайындаймыз, бірақ ұл баланы күйеу, әке болуға дәл сондай деңгейде дайындаймыз ба деген сұрақ бар», – дейді тарихшы.
Зере Мұқанқызы мұндай қоғамдық қатынас бүгін ғана қалыптасқан жоқ деп есептейді. Оның пікірінше, ХХ ғасырдағы бірнеше тарихи сілкініс қазақ отбасындағы ер мен әйелдің дәстүрлі рөлдерін өзгертті.
«Бұрынғы қазақ қоғамында қызға деген құрмет ерекше болған. Ер адамды отбасының асыраушысы, тірегі деп қабылдаған. Бірақ ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс, кейінгі әлеуметтік және экономикалық дағдарыстар отбасының қалыптасқан құрылымын өзгертті. Әйел бала тәрбиесімен қатар жұмыс істеуге, ақша табуға, қажет кезде отбасын асырауға бейімделді. Яғни әйелдің қоғамдағы және экономикадағы рөлі өзгерді. Бірақ ер адамның отбасындағы рөлі сол өзгерістерге сай бірден қайта қалыптасқан жоқ», – дейді Зере Мұқанқызы.
Тарихшының пікірінше, сондықтан қазіргі жағдайды «әкелер институты әлсіреді» деген бір ғана тұжырыммен түсіндіру жеткіліксіз. Отбасының экономикалық моделі өзгерген сайын әкеге қойылатын талап та өзгеріп отыр.
«Бұрын ер адамнан ең алдымен отбасының асыраушысы, тірегі болу талап етілді. Бүгін тек ақша табу жеткіліксіз. Әке бала тәрбиесіне араласуы, онымен сөйлесуі, эмоциялық байланыс орнатуы, отбасындағы жауапкершілікті бөлісуі керек. Сондықтан “әкелер институты әлсіреді” деп қана айту мәселені тым жеңілдетеді. Меніңше, әкенің ескі моделі өзгеріп, жаңа моделі әлі толық орнығып үлгермеген кезеңде тұрмыз», – дейді тарихшы.
Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықты да тек «ұл баланы дұрыс тәрбиелемеудің» салдары ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, отбасындағы тәрбиеге әлеуметтік және экономикалық жағдай да қосылады.
«Тұрмыстық зорлықтың бір ұшы отбасындағы тәрбие болса, екінші қыры – әлеуметтік жағдай. Экономикалық тұрақсыздық, жауапкершіліктен қашу, алимент төлемеу, ажырасқаннан кейін баланың бүкіл жүгінің бір ата-ананың мойнында қалуы – бұлар бір-бірінен бөлек мәселелер емес. Сондықтан “ұлды дұрыс тәрбиелеу керек” деумен ғана шектелмеуіміз керек. Ер адамның отбасы мен баласының алдындағы жауапкершілігі қоғамда нақты талап ретінде қалыптасуы қажет», – дейді Зере Мұқанқызы.
Сондықтан тарихшы ұл балаларды тәрбиелейтін жеке институт құру мәселені өздігінен шешпейді деп санайды.
«Жауапты әке бір күнде пайда болмайды. Ол бала кезден қалыптасады. Қыз балаға жауапкершілік, тәртіп, еңбек туралы қандай талап қойсақ, ұл балаға да сондай талап қоюымыз керек. “Ұл ғой” деп әрекетін ақтай берсек, ертең жауапкершілікті бір институттың көмегімен қалыптастыру қиын. Ұл балаға еркек болуды емес, ең алдымен өз әрекетіне жауап беруді үйрету маңызды», – дейді ол.
Зерттеу қазіргі әкелер туралы не дейді?
Сарапшылар бірнеше буын ішінде әкенің отбасындағы орны өзгергенін айтса, Қазақстандық қоғамдық даму институтының әлеуметтанулық зерттеулері оның қазіргі отбасыларда қалай көрініс тауып отырғанын көрсетеді.
ҚҚДИ дерегінше, қазақстандық ерлердің 82,7%-ы бала тәрбиесін әке мен ананың ортақ міндеті деп санайды. Бұл ретте отбасылардың 72,3%-ында ата-аналар балалардың бос уақытын бірге ұйымдастырса, 71,9%-ында бірге серуендейді.
Сонымен бірге әкелердің бала өміріне көбірек араласуына кедергі келтіретін фактор да бар. Ерлердің 60,4%-ы жұмысбастылық салдарынан отбасына жеткілікті уақыт бөле алмайтынын айтқан. Тағы бір маңызды көрсеткіш – қазақстандық ерлердің 78,7%-ы балаларымен қарым-қатынасы бұрынғыдан сенімді бола түскенін атап өткен.
«Қазіргі әкелер сенімге негізделген серіктестік қатынасты ұстана отырып, бала тәрбиесіне, үй шаруасына анамен бірге белсенді қатысуды қалыпты санайды», – делінген ҚҚДИ талдауында.
ҚҚДИ зерттеулеріндегі көрсеткіштер қазіргі әкені тек дәстүрлі «отбасының асыраушысы» ретінде қабылдау біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
Сарапшылар айтқан тарихи үзілістер, отбасының экономикалық моделінің өзгеруі және әке мен бала арасындағы эмоциялық байланыстың жаңа формалары қатар жүріп жатыр. Бүгінгі сұрақ әкенің отбасында бар-жоғында ғана емес, оның бала өміріне қалай араласатынында және өз жауапкершілігін қалай қабылдайтынында болып отыр.