Заманауи спорт менеджменті: жүйелі істен жеңіске дейін

Үлкен спорт біртіндеп күрделі басқару жүйесіне айналып келеді. Олимпиада чемпионын дайындау, ұлттық құраманы қалыптастыру, таланттарды анықтау, қаражат табу және оны тиімді пайдалану, спорт ғылымын енгізу, жарақаттың алдын алу және спортшылардың халықаралық жарыстарда жетістікке жетуін қамтамасыз ету – мұның барлығы заманауи спорт менеджментінің құрамдас бөліктері.

жеке мұрағатынан

Астана, NEGE. Сондықтан бүгінгі таңда спорттағы табысты мемлекеттерді тек медаль санымен емес, сол жетістікті қамтамасыз ететін басқару жүйесінің сапасымен де бағалау қажет. Бір жарыста чемпион шығару – мүмкіндіктің нәтижесі болса, бірнеше Олимпиадада тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсету – дұрыс құрылған спорт менеджментінің көрсеткіші.

Спорт менеджменті – тек ұйымдастыру жұмысы емес

Көп жағдайда спорт менеджменті жарыс өткізу, қаржы бөлу немесе спорт нысандарын басқарумен байланыстырылып жатады. Шын мәнінде, оның ауқымы әлдеқайда кең. Заманауи спорт менеджментінің негізгі мақсаты – спортшының, бапкердің, федерацияның, ғылыми орталықтардың және мемлекеттің мүмкіндігін бір жүйеге біріктіріп, ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу.

Спорттағы ең маңызды мәселенің бірі – қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді мақсаттардың арасындағы тепе-теңдік. Кейде белгілі бір әлем чемпионаты немесе Олимпиада қарсаңында барлық күш сол жарысқа бағытталады. Бірақ жарыс аяқталған соң резерв мәселесі қайтадан күн тәртібіне шығады.

Заманауи менеджмент мұндай тәсілден біртіндеп бас тартып келеді. Тиімді спорттық жүйе бүгінгі жарыспен ғана өмір сүрмейді. Мысалы, 2028 жылғы Олимпиадаға дайындықпен қатар 2032 жылғы Олимпиадаға қатысуы мүмкін спортшылар да қазірден бастап анықталып, жоспарлы түрде дайындалуы тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, әрбір ірі спорт федерациясының ұзақ мерзімді даму стратегиясы болуы маңызды. Онда тек медаль саны емес, спорт резервін дамыту, бапкерлерді даярлау, өңірлік спорт мектептерінің әлеуеті және спортшылардың халықаралық деңгейге өтуі сияқты мәселелер де қамтылуы қажет.

жеке мұрағатынан

Спортшы – жүйенің басты капиталы

Заманауи спорт менеджментінің басты назарында спортшы тұрады. Бірақ қазіргі әлемде спортшының табысы тек оның жеке еңбегі мен бапкердің жұмысымен шектелмейді. Жоғары деңгейдегі спортшының айналасында дәрігерлер, физиотерапевтер, психологтар, диетологтар және спорт аналитиктері жұмыс істейтін кәсіби команда қалыптасуы қажет.

Әр маман спортшының белгілі бір бағытына жауап береді. Бапкер техникалық және тактикалық дайындықты қамтамасыз етсе, дәрігер денсаулық жағдайын бақылайды, психолог жарыс алдындағы қысымды басқаруға көмектеседі, ал аналитик қарсыластың ерекшеліктерін зерттейді. Қазақстан спорты үшін де мұндай кешенді тәсілдің маңызы артып келеді. Бізде талантты спортшылар жеткілікті. Бірақ тек таланттың өзі әрқашан үлкен нәтижеге қол жеткізе бермейді. Спортшының денсаулығы, психологиялық жағдайы, қаржылық жағдайы мен жаттығу жүктемесі жүйелі түрде жоспарлануы тиіс.

Әсіресе, жас спортшылардың ересектер деңгейіне өту кезеңіне ерекше назар аудару қажет. Қазақстанда жасөспірімдер арасында жақсы нәтиже көрсеткенімен, кейін үлкен спортта жоғалып кететін таланттар бар. Сондықтан келешегі бар спортшыларға жеке даму бағдарламасын қалыптастыру маңызды. Мұндай бағдарлама спортшының қазіргі нәтижесін ғана емес, оның алдағы бірнеше жылдағы мүмкіндігін де ескеруі тиіс.

Деректер мен технологияның спортқа келуі

Қазіргі әлемдік спорттағы маңызды үрдістердің бірі – деректерге негізделген басқару моделі. Бұрын спорттағы көптеген шешімдер негізінен бапкердің тәжірибесі мен бақылауына сүйенсе, бүгін бұл шешімдерге нақты статистика мен технологиялық құралдар қосылып отыр.

Бұл бапкердің тәжірибесін алмастырмайды, керісінше, оның мүмкіндігін кеңейтеді. Мысалы, бокс сияқты спорт түрінде жекпе-жектерді арнайы бағдарламалар арқылы талдау спортшының қандай жағдайда тиімді әрекет ететінін анықтауға мүмкіндік береді. Қарсыластың стилі, жекпе-жектегі белсенділігі, шабуыл мен қорғаныстағы әрекеттерді салыстыру нақты тактика әзірлеуге көмектеседі. Білуімше, Қазақстан спортында мұндай технологиялар әлі де кеңінен қолданылатын бірыңғай жүйеге айналып үлгерген жоқ. Сондықтан ұлттық құрамалар жанынан спорттық аналитика бағыттарын күшейту маңызды. Мұндай жұмыс тек жарыс кезіндегі статистиканы есептеумен шектелмей, әлемдегі негізгі бәсекелестерді жүйелі түрде зерттеуге бағытталуы тиіс. Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар спортшылардың қозғалысын талдауға, жаттығу жүктемесін бақылауға мүмкіндік береді. Мәселен, Оңтүстік Корея садақ атудан осындай технологияны қолданады екен. Бәлкім, соны арқасында ма, соңғы Париж Олимпиадасында осы спорт түрінен 5 алтынның бесеуін де жеңіп алды. Яғни, осы бағытта үйренеріміз аз емес.

Olympic.kz

Келесі буынды даярлау – стратегиялық мақсат

Кез келген елдің спорттағы болашағы оның бүгінгі чемпиондарына ғана емес, келесі буынға да байланысты. Сондықтан заманауи спорт менеджментінде таланттарды анықтау және дамыту маңызды бағыттардың біріне айналды. Кейбір балалар физикалық тұрғыдан ерте дамуы мүмкін, ал кейбір спортшылардың әлеуеті уақыт өте келе ашылады. Сондықтан спортшыны бағалау кезінде оның қазіргі нәтижесімен қатар техникалық қабілеті, психологиялық тұрақтылығы және даму мүмкіндігі де ескерілуі қажет.

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің қалыптасқан желісі бар. Бұл – еліміздің үлкен артықшылығы. Бірақ ендігі мәселе – осы жүйенің тиімділігін арттыру. Спорт мектебінің жұмысын тек алған медальдарымен бағалау жеткіліксіз. Оның қанша спортшысы жоғары деңгейге өтті, қанша бала спортпен тұрақты айналысуды жалғастырды деген көрсеткіштер де маңызды.

Бұл ретте өңірлер арасындағы адал бәсекені күшейту қажет. Спорт басқармаларының жұмысын тек өткізілген іс-шаралардың санына қарап емес, балалардың спортпен қамтылуы, жоғары деңгейдегі спортшылар саны, инфрақұрылымның тиімді пайдаланылуы және бапкерлердің кәсіби деңгейі сияқты нақты көрсеткіштер бойынша да бағалау керек.

Шетел тәжірибесі маңызды

Ұлыбритания, Өзбекстан және Үндістанда боксты дамытудағы жүйелі жұмыс тәжірибесін де ескеру қажет. Өзбекстан соңғы жылдары спорт резервін даярлаудың көпсатылы жүйесін күшейтіп, таланттарды жас кезінен анықтауға және оларды ұлттық құрамаға дейін жоспарлы түрде жеткізуге басымдық берді. Ұлыбритания жоғары жетістіктер спортын басқаруда қаржыландыруды нақты нәтижемен байланыстырып, спортшыларды бапкермен қатар дәрігерлер, психологтар, физиологтар және аналитиктерден тұратын кешенді мамандар тобы арқылы даярлау жүйесін қалыптастырды. Бұл ел қазірдің өзінде 2032 жылғы Олимпиаданы ойластырып отыр. 2026 жылы GB Boxing «Future Olympic Medal Strategy» бағдарламасын іске қосып, болашақ Олимпиада жүлдегерлерін ерте анықтап, оларға жеке қолдау көрсету жүйесін енгізе бастады.

Үндістан бұқаралық спорттан жоғары жетістіктер спортына дейінгі тұтас жүйені дамытуға күш салды. Khelo India сияқты бағдарламалар арқылы мектептер мен өңірлерден талантты жастар анықталып, кейін олар арнайы даярлық орталықтарына және Олимпиадалық резерв бағдарламаларына бағытталады. Сонымен қатар Үндістан әйелдер боксын дамытуға ерекше көңіл бөліп, қыз балаларға арналған спорт орталықтары мен қолдау жүйесін күшейтті. Бұл тәжірибелер Қазақстан үшін де маңызды.

Қорыта айтқанда, заманауи спорт менеджменті – спортшыны тек жарысқа дайындау емес, оның жоғары нәтижеге жетуіне мүмкіндік беретін тұтас жүйе құру. Қазақстан үшін басты міндет – кезекті чемпионды табу ғана емес, чемпиондар үздіксіз өсіп шығатын тиімді басқару моделін қалыптастыру. Ол үшін ұзақ мерзімді стратегия, сапалы спорт резерві, кәсіби бапкерлер мен менеджерлер, спорт ғылымы, цифрлық технологиялар және қаржыны тиімді пайдалану қағидаттары өзара байланыста жұмыс істеуі қажет. Яғни, сағат механизмі секілді жұмыс істейтін жүйе қалыптастыру маңызды. Егер қалыптасқан отандық спорт дәстүрін заманауи менеджментпен тиімді үйлестіре алсақ, халықаралық аренадағы жетістіктер кездейсоқ жеңістер емес, тұрақты әрі заңды нәтижеге айнала береді.

Оспан Әжібеков, Қазақстан бокс фдарциясының вице-президенті