21 февраля 2026 г. 10:30

WBO Жәнібек Әлімханұлын бір жылға бокстан шеттетті

Фото: instagram/janibek_alimkhanuly

Жәнібек Әлімханұлы чемпион мәртебесін сақтап қалғанымен, бір жыл бойы рингке шыға алмайды.

Алматы, NEGE. Әлемдік бокс ұйымы (WBO) орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап жарыстардан бір жылға шеттетті. Оған допинг-тестінің мельдонийге оң нәтиже көрсетуі себеп.

Алайда Жәнібек Әлімханұлы өзінің чемпион мәртебесін сақтап қалды.

«Чемпионды атағынан айыруға толық құқығымыз бар болса да, барлық жағдайларды және алғаш рет бұзушылық жасағанын ескере отырып, орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағын қайтарып алуды әділеттілік талаптарына сай емес деп есептейміз», – делінген ұйым  таратқан хабарламада.

Бір жыл ішінде қазақстандық боксшы ресми және көрме кездесулерде өнер көрсете алмайды. Ол өз қаражатына антидопинг тестілеуден өтіп, антидопинг бойынша оқу курсын алады.

Орта салмақтағы бәсекелестікті сақтау үшін комитет уақытша титулға Дензел Бентли мен Эндри Сааведра арасындағы жекпе-жекті бекітті.

Дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін және барлық ережелер толық сақталған жағдайда, Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы уақытша чемпион немесе WBO чемпиондық жекпе-жектер комитеті тағайындаған міндетті претендентпен алғашқы жекпе-жегін өткізеді.