Вице-министр экотуризмді дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті
Елімізде экологиялық туризмді дамытудың барлық мүмкіндігі бар. Әлем халықтары экологиялық туризмді дамытуға баса назар аударып жатыр. Қазақстан да бұл бастамадан қалыс қалған жоқ. Экологиялық туризм деген не? Ең алдымен осы сұрақтың жауабына үңілейік.
Экотуризм – табиғи аумақтарға жауаппен қарау, қоршаған ортаны сақтау және жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін туризм түрі. Бұл туризм адам аяғы баспаған ерекше жерлерге баруды көздейді. Ең бастысы көрікті жерлерді бүлдірмей, оның алғашқы көркемдігін сақтап, таза ұстап, табиғатты құрметтеуге тәрбиелеу маңызды.
Кейбір адамдар әлі күнге дейін табиғат аясындағы әдеттегі саяхатты экотуризммен шатастырады. Мәселен, қала сыртына көлікпен саяхаттап шығу экологияға пайда әкеледі деген сөз емес. Керісінше, адамнан кейін тек қоқыс қалады, ауа ластанады.
Экологиялық туризмнің мақсаты – аралайтын өлкенің табиғаты туралы ақпарат алу, мәдениетімен, этнографиясымен, археологиялық және тарихи көрікті жерлерімен танысу.
Өзіміз тұрып жатқан мекеннің табиғатын қаз-қалпында сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу – біздің тікелей міндетіміз.
Елімізде осы салаға жауапты министрлік экотуризмді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарып жатыр? NEGE тілшісі осы сауалды Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз маслихаты барысында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Мәлікұлы Еркінбаевқа қойды.
«Біз 2020 жылдан бастап экологиялық туризм және экологиялық мәдениетті қалыптастыратын жобаларды жүзеге асырдық. Ол бойынша бес эко-акция өтті. Соның бірі «Өз елімде із қалдырмай саяхаттаймын» деген акция болды. Оған мың адам қатысты. Қазіргі уақытта Алматы аумағында «Тамыр» қозғалысы жұмыс істейді. Ол адамдардың саяхаттау мәдениетін қалыптастыруға арналған жастардың жобасы. Кәсіби нұсқаушылар, альпинистер, құтқарушылар, тәжірибелі гидтер тауға шығу сұрақтары бойынша қауіпсіздік ережелеріне қатысты тегін мағлұмат береді. Сонымен қатар волонтерлік ұйымдар да жұмыс істейді. Бүгінгі күні Kazakh Tourism-мен бірлесіп, экотуризмдегі экомәдениетті арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жанды сабақтар» республикалық жобасы өтті. Оған үш мыңнан астам оқушы қатысқан. Осындай жобалар жақсы нәтижелер көрсетті. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», - деді Туризм және спорт вице-министрі.
Пандемиядан кейін халықтың ішкі туризмге қызығушылығы артты. Тауға шығып, Қазақстанның көрікті жерлерін аралаушылар көбейді. Алайда туризм мәдениеті толық қалыптаспаған сыңайлы. Ескеретін жағдайлар да бар. Туризм – біздің елімізде енді ғана дамып жатқан жаңа сала. Мәдениетті қалыптастыру үшін не істеуіміз керек?
Сұрағымызға жауап ретінде вице-министр Ержан Еркінбаев осы бағытта инвестрларды тарту жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Экологиялық мәдениетті арттырудан басқа біздің тәжірибемізде жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың бірі – ұлттық саябақтарға инвестрларды тарту болды. Бұл жерде тойхана салатын инвесторларды айтып отырғаным жоқ. Туристік инфроқұрылымдарды, визит-орталықтарды салатын инвесторлар жөнінде сөз қозғалады. Біз осы бастамаға тартқан алғашқы инвестор «Qazaq National Parks» ЖШС болды. Олар бүгінгі күнге дейін 6 млрд теңге қаражатын жұмсап, алтыншы визит-орталығын салу жұмыстарын аяқтап жатыр. Сол визит-орталықтардың арқасында біз туризм мәдениетінің өзгеріп жатқанын нақты көріп отырмыз. Қоқыстың азайғаны, пластика қалдықтарының азайғаны байқалады. Сонымен қатар туристердің алып отырған сервистік қызметтерінің деңгейі де өсті», - деді Ержан Еркінбаев.
Негізінде, саяхатшы табиғатқа залал келтірмей әлемді танып, жаңа жерлерді ашып, жергілікті жердің экологиясы мен мәдениеттін сақтауға үлес қоса алады.