Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамза көшеде еркін қозғалып жүр
Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамза әлеуметтік желіде видео жариялап, бостандықта жүргенін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Блогер жақын арада Қазақстанға оралуы мүмкін екенін жеткізді. Қазіргі таңда Вьетнамда оның экстрадициясына қатысты мәселе қаралып жатыр.
«Жақында Қазақстанға барып қаламын. Вьетнамда, сол Нячангта, экстрадиция мәселесі, сот және тағы бірнәрселер болып жатыр. Соны күтіп жүрмін. Ешкім мені қамап, соттап, ондай ештеңе болған жоқ. Паспортымды алып қойды. Дұғада болыңыздар. Ер адамның басына не келіп, не кетпейді», – деді ол.
Еске салайық, 13 сәуірде Қазақстан Ішкі істер министрлігі Интерпол желісі арқылы Камрань қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру ісі бойынша іздеуде жүрген азаматтың ұсталғанын хабарлаған болатын. Ресми түрде оның аты-жөні жарияланбағанымен, БАҚ ұсталған блогердің Қайсар Қамза екенін анықтады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол онлайн-казиноны жүйелі түрде жарнамалап, шамамен 100 миллион теңге табыс тапқан.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.