Үй жануарын асырай алмайтын жағдайда, иесі оған жаңа орын тауып беруге міндеттелмек
Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен үй жануарларын ұстау мен серуендетудің үлгілік қағидасына өзгеріс енгізілді.
Астана, NEGE. Енгізілген өзгеріске сәйкес, бұдан былай үй жануарын одан әрі асырау мүмкін болмаған жағдайда иесі не жауапты адам оны жаңа орынға орналастыруға міндеттеледі.
Атап айтқанда:
- жануарларға арналған панажайға орналастыру;
- жануарларды уақытша ұстау пунктіне өткізу;
- жануарға қажетті жағдай жасауға қабілетті жеке немесе заңды тұлғаларға беру ұсынылады.
Үй жануарын уақытша ұстау орнына тапсырған бұрынғы иесі жануардың алдағы тағдыры заңды түрде шешілгенге дейін оны асырау шығынын төлеуге міндетті.
«Жануардан бас тарту басқа тұлға оған меншік құқығын алғанға дейін, үй жануары панажайға немесе уақытша ұстау пунктіне беріліп, оның заңды тағдыры айқындалғанға дейін иесінің немесе жауапты адамның үй жануарына қатысты міндеттемелерін тоқтатпайды», – делінген Құжат мәтінінде.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енеді.
Еске салсақ, биылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарауға қатысты заңға қол қойды.