Үш миллиардты бөлейік. ЦентрКредит басшылығының мотивациясы НЕГЕ керемет болды?
Мемлекет алдындағы қарызын толық қайтарып тастаған ЦентрКредит банкінің басшылығы өткен 2025 жылы жеке табысқа да молынан кенелді. Басқарма құрамына кірген төрт адам – басқарма төрағасы Руслан Владимиров пен оның орынбасарлары Рустам Теңізов, Нұрлан Шегебаев пен Анастасия Овсянниковаға былтыр жалақы, демалыс ақысы, премиялар түрінде 972 миллион теңге төленген. Сонда әр басқарма мүшесіне бір жылда 243 миллион теңгеден берілді.
Бірақ мұнымен шектелмейді. «ЦентрКредит банкі» акционерлік қоғамының бөлек аудиттелген есебінде топ-менеджмент тізіміне кіретін он адамға 2 миллиард теңгеден астам қысқамерзімді бонустар төленгені туралы жазылады. Алты адам директорлар кеңесіне кіреді, ал төрт адам –жоғарыда біз жазған басқарма мүшелері.
Қаржылық сектор тәжірибесінде банк акционерлері бонустарға көп таласа бермейді. Ол өз табысын дивидендтен алады. Сондықтан 2 миллиард теңгелік бонустың басым бөлігі директорлар кеңесіндегі үш тәуелсіз директор мен төрт басқарма мүшесіне төленгені анық.
Тақырыпқа орай: Байсейітовке бәрібір. «ЦентрКредит» мемлекетке қарызын НЕГЕ жырымдап қайтарып жатыр?
Негізінен, ЦентрКредит банкіне басшылық пен жұмысшыларына ауқымды сыйақы төлесе де жарасымды. Біріншіден, ол – мемлекеттік емес, жекеменшік банк. Екіншіден, 2025 жылды банк рекордтық көрсеткіштермен аяқтады. Таза пайда бір жылда 23 пайызға көбейіп, 240 миллиард теңгеге жетті. Оның үстіне, БЦК мемлекет алдында таза. Қарызын өткен жылы толық жауып тастаған болатын. Сондықтан бас акционер Бақытбек Байсейітовке қанша дивиденд алғысы келсе де, ешқандай шектеу жоқ.
Былтыр да пайыздық бизнес ЦентрКредит банкі кірісінің негізгі драйвері болған. Таза пайыздық кіріс 400 миллиард теңгеден асты, ал комиссиялық кірісі 46 миллиард теңге деңгейінде қалды. Бір сөзбен айтқанда, негізгі пайданы бөлшек несиелеу, яғни халыққа кредит беру сегменті алып келген. Бірақ биылдан бастап банктің осы бағыттағы табысы азаюы тиіс.
Қазір «ЦентрКредит» банкі активтері бойынша Қазақстандағы ең ірі ТОП-3 банктің қатарына кіреді. Ол тек алпауыт Халық банкі мен Kaspi банктен ғана кіші. Биылғы жылдың басында БЦК-нің активтер көлемі 8,4 триллион теңгені құрап тұрды.
Болашақта басқа бәсекелестері сияқты ЦентрКредит тобына да Қазақстан нарығы таршылық ете бастауы ғажап емес.
Сондықтан 2027-2028 жылдары банк конгламератының сыртқы экспанциясы басталады деп болжаймыз. Мұндағы басты мәселе оның қай нарықты таңдауында болып тұр.
Өзбекстан мен Украина нарығына басқа банктер жасаған жорықтар сәтсіздікпен аяқталды. Оған қарағанда Түркия мен Әзірбайжан анағұрлым қолайлы.