Үмбетовтерге қатысты қылмыстық іс НЕГЕ тоқтап тұр?
Өткен жылы қазан айында ағайынды Мадияр мен Сапарбек Әлібаевтарды бұрынғы депутат Серік Үмбетовтің туыстары соққыға жығып, «жылқыларымды ұрладыңдар» деп қылмыстық іс қозғатып, қуғын-сүргінге түсірген. Бұл туралы Nege.kz порталы бірнеше рет мәселе көтерген.
Серік Үмбетовтің туған інісі Ғабит Үмбетов пен оның баласы Аян Үмбетов ағайынды Әлібаевтарды соққыға жығып, «56 бас жылқымды ұрладыңдар» деп айыптаған.
«15 қазан күні сағат 4-5-тің шамасында Ғабиттің баласы Аян Үмбетов үш-төрт адаммен келіп, мені үйден алып кетті. Жол-жөнекей мені ұрып-соғып, мәшинемен сүйреді. «Жылқыны сендер ұрладыңдар», – дейді. Бірақ біз ешқандай жылқы ұрлаған жоқпыз.
Басыма қара пакет кигізіп, мені белгісіз бір жерге алып барды. Басымнан пакетті шешкен кезде ол жер Ғабит Үмбетовтің үйі екенін көрдім.
Ол жерде де мені ұрып-соқты. Ғабит ағаның өзі сол жерде болды. Мені ұрғанын, бәрін көрді. «Аға, жылқыны біз алған жоқпыз ғой!», – деп аяғына жығылған кезде ол: «Жоқ, сендер алдыңдар! Сапар бар, сен бар! Мойында!», – деді. Мен ештеңе мойындамаған соң аяқ-қолымды байлап, қораға апарып тастады.
Тақырыпқа орай: «Машинамен сүйреді, ағаш сынғанша ұрды...»
Ертеңінде мені Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміне алып келді. Ол жерге жеткенше «жылқыларды ұрлағаныңды мойында!» деп ұрып барды. Соққылар жаныма батқаннан кейін ағам Сапар Әлібаевты айттым», – дейді Мадияр Әлібаев.
Тақырыпқа орай: NEGE.KZ жазған мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалды
Біз осы мәселеге араласқаннан кейін сең қозғалғандай болып, Әлібаевтарды заңсыз терген қысым көрсеткен полицейлердің және Әдібаевтарды ұрып-соққан А.Үмбетовтің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алайда іс қазір алға жылжымай, тоқтап тұр.
Жергілікті халықтың айтуынша, Алматы облысының Жамбыл ауданында Үмбетовтердің түкірігі әлі жерге түспей тұр. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс деседі.
Бүгінге дейін Қазақстанда күштік құрылым басшыларының бәрі ауысты. Бас прокурор Берік Асылов, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов осы істі бақылауына алады деп үміттенеміз.
Тақырыпқа орай: Ағайынды Әлібаевтардың ісін Антикор өз бақылауына алды
Ал егер бұл іс сиырқұйымшақтанып барып тоқтап қалса, Алматы облысының кейбір аудандары әлі де ескі Қазақстанда тұрады деп топшыламасқа амал жоқ...