Ұлттық кітап күні Жетісуда челлендж, буккроссинг, саяхат сабағы, дефиле және басқа да заманауи форматта өтуде

Жетісу облысында Ұлттық кітап күніне байланысты түрлі форматтағы мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

gov.kz

Астана, NEGE. Соның ішінде челлендждер, буккроссинг акциялары, композиция кештері, конференция, саяхат сабағы, кездесулер, кітап көрмелері мен жәрмеңкелер және басқаларын атап өтуге болады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Ұлттық кітап күні Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылдан бері аталып өтілуде. Облыста жалпы саны 150 кітапхана болса, кітап күніне арналған іс-шаралар солардың барлығында белсенді өтіп жатыр. Біз тек басқосулармен шектелмей, қазіргі заманғы жаңа форматтарды да кеңінен қолданамыз. Бұл ретте әсіресе жастардың қызығушылығы жоғары екені байқалады, бұған біз қуанамыз. Жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту арқылы оларды мәдени-рухани, ағартушылық-танымдық тұрғыда дамытуға, ой көкжиегін кеңейтуге ықпал етуге болады», – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.

gov.kz

Мәселен, Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхана «Кітап және пікір алаңы» атты талқылау кешін, «Өлке авторлары – әлем тілінде» атты әдеби подкаст пен «Кім тапқыр?» зияткерлік ойынын ұйымдастырса, Көксу аудандық кітапханасында «Бүгінгі тренд – кітап оқу» кітап көрмесі, «Тапқыр болсаң, тауып көр» викториналық ойыны, «Жаңа кітаптар» дефилесі және «Ғасырлар тартысы: кітап пен смартфон» атты сахналық көрініс ұсынылды.

Мұнда қазақ және шетел әдебиеті классиктерінің шығармаларындағы кейіпкерлер туралы, кітапқа қатысты басқа да сауалдар қойылып, өзара пікір алмасу болды. Жаңа кітаптар мен сирек кездесетін туындылардың даналары таныстырылып, көрсетілді, кітап пен заманауи гаджеттердің артықшылығы мен кемшілігі талқыланды.

gov.kz

Аталған іс-шараларға жергілікті мектеп оқушылары, кітапхана оқырмандары, қаламгерлер мен жалпы кітапсүйер қауым қатысты.

«Кітап және пікір алаңы» кеші өте мазмұнды әрі қызықты өтті. Кітапқа байланысты сөздердің орындары ауыстырылып жазылған әріптерден дұрыс сөз құрастырып жарыстық, жасырған сан түрлі кейіпкерлерді таптық, өз ойымызды еркін жеткізіп, кітапқа қатысты түрлі көзқарастармен таныстық. Мен Сейфуллин атындағы кітапханаға тұрақты келемін. Осындай қызықты кештерден кейін кітап оқуға деген қызығушылығымыз арта түсті», – дейді жас оқырман, Талдықорған қаласындағы №15 мектептің 7-сынып оқушысы Аяжан Сәбитқызы.

gov.kz

Осы шараларға белсенді қатысып жүрген «Мизам» жылжымалы әдеби мектебінің өкілдері де пікір білдірді.

«Біз құрған «Мизам» мектебі кітап оқытудың түрлі әдістерін барынша қамтып, осындай іс-шаралардың басы-қасынан үнемі табылады. «Мизам» мектебі – жай ғана әдеби орта емес, ол – кітап арқылы тұлға қалыптастыратын рухани алаң. Біздің мақсатымыз – оқуды міндет емес, өмір салтына айналдыру. Кітап оқу – тек мәтінді түсіну ғана емес, кейіпкермен бірге ой кешу, автордың әлеміне ену, өз болмысыңды тану. Осындай тәсілдің арқасында оқушылардың сөздік қоры байып, ойлау қабілеті тереңдеп, рухани көкжиегі кеңейеді», – дейді «Мизам» әдеби жылжымалы мектебінің дәріскері, ақын Мұхтар Күмісбек.

Ұлттық кітап күнінің маңызын арттыру, сол арқылы қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында қолға алынған мұндай іс-шаралар барлық аудан мен қалаларды қамтыды.

Қазір оқып жатыр

Қазақстандық ғалым беделді халықаралық сыйлыққа ие болды

Temu мен Shein киімдері Еуропадағы қоқыс контейнерлерін толтырып жатыр

Астанада мас күйде көлік жүргізген Бас прокуратура қызметкері қамауға алынбаған

Шағын және орта бизнесті қолдау көлемі 3 трлн теңгеге дейін ұлғаяды