Ұлттық банк төрағасының жаңа орынбасары тағайындалды
Мемлекет басшысының өкімімен Бинұр Жәленов Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
Бинұр Жәленов 1993 жылғы 19 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Ол Қазақстан, АҚШ және Ұлыбритания университеттерінде, соның ішінде Кембриджде білім алған.
Еңбек жолын Қаржы министрлігінде бастаған, кейін Нью-Йоркте жұмыс істеген. 2019 жылы Ұлттық банк төрағасының қашықтан жұмыс істейтін кеңесшісі болды.
Жәленов әр жылдары Ұлттық банк жанындағы «Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК директоры, Ұлттық банк жанындағы «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ басқармасы төрағасы лауазымдарын атқарды.
2024 жылдан бері Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі және цифрлық трансформация жетекшісі болып қызмет атқарып келді.
Еске салсақ, 20 ақпанда Президент Ұлттық банк төрағасының бұрынғы орынбасары Берік Шолпанқұловты лауазымынан босатты. Қызметінен кетер алдында Шолпанқұлов BES.media журналисіне сұхбат беріп, қазақстандық банктердің бірі арқылы сыртқа 7 трлн теңге қаржы транзакцияланғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірген-ді.