Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қазан айынан бері алғаш рет төмендетті
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 17,00% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Астана, NEGE. Бұл шешім, банк өкілдерінің нақтылауынша, кезекті болжамды раундтың қорытындысына, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляциялық тәуекелдер теңгерімінің жаңартылған бағалау нәтижесіне сүйеніп қабылданған.
«Жылдық инфляцияның баяулау үрдісі жалғасып келеді: Өткен жылғы қыркүйектегі ең жоғары мән – 12,9%-дан 2,5 пайыздық тармаққа төмендеп, биылғы мамыр айының қорытындысы бойынша 10,4% болды.
Азық-түлік инфляциясы 10,7%-ға дейін төмендеді» , – делінген хабарламада.
Мамандардың болжамына сәйкес, 2027 жылы инфляция 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды, ал 2028 жылы 5%-дық мақсатты көрсеткішке дейін тұрақтанады. Оған сыртқы инфляциялық жағдайдың қалыпқа келуі, инфляциялық күтулердің төмендеуі, квазифискалдық ынталандырудың және фискалдық шоғырландырудың азаюы әсер етеді деп күтіліп отыр.
Бұған дейін Ұлттық банк мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде ұстап, қатаң шарттарды кем дегенде 2026 жылдың ортасына дейін сақтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.