Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде орталық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Наурызда айлық инфляция ақпандағы 1,1%-дан кейін 0,6%-ға дейін төмендеді. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция да баяулады. Дегенмен, олардың ағымдағы деңгейі бұрынғыша 5% нысанаға қол жеткізу үшін қажетті деңгейден жоғары қалыптасып отыр, бұл экономикада инфляциялық қысымның сақталғанын көрсетеді», – делінген хабарламада.
Инфляцияға Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы да әсер етіп отыр. Энергия ресурстарының, азық-түлік пен тыңайтқыштардың әлемдік бағасы өсті. Бұл жағдай бірқатар елде инфляциялық қысымды күшейтіп, Қазақстан үшін де сырттан келетін тауарлардың қымбаттау қаупін еселей түскен.
Бұл ретте орталық банк алдағы уақытта базалық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін екені айтылды.
«Ұлттық банк инфляцияның баяулау қарқынын, ішкі сұраныс динамикасын, бюджет шығындарының нақты орындалуын бақылауды жалғастыра береді. Сондай-ақ, фискалдық ынталандыру шаралары, реттелетiн бағалардың параметрлері мен сыртқы нарықтағы ахуалдың инфляциялық процестерге әсері тұрақты бағаланып отырады. Егер қазіргі үрдістер сақталып, күтпеген жағдайлар орын алмайтын болса, Ұлттық банк алдағы шешімдерінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруға дайын», – дейді орталық банк өкілдері.
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімді 5 маусымда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жариялайды.