Ұлытау облысында тергеушіге пара ұсынған кәсіпкер ұсталды
Ұлытау облысында кәсіпорындардың бірінің директоры пара берді деген күдікпен ұсталды.
Астана, NEGE. Өңірлік полиция қызметінің хабарлауынша, кәсіпкер алаяқтық фактісімен тергеліп жатқан қылмыстық іс аясында өз пайдасына шешім шығаруға ықпал ету үшін тергеушіге ақшалай сыйақы ұсынған.
Тергеу бөлімінің қызметкері мұны Өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлаған. Басқарма қызметкерлері кәсіпкерді ақша ұсынып тұрған жерінен ұстаған.
«Ақша тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Полицейлер Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялаған жоқ.