Үлес көбейіп, қарыз қала ма? Шухрат Ибрагимов ERG-ден НЕГЕ енші алуда?
ERG-дің халықаралық бизнесі Ибрагимовтар отбасына өтсе, Қазақстанның отандық кәсіпорындардағы үлесі 40 пайыздан 50 пайыздан сәл асатын деңгейге көтерілуі мүмкін. Бір қарағанда, мемлекет ұтып жатқандай. Бірақ ресейлік банктер алдындағы берешек Қазақстан жағында қалатын болса, мұндай акция біз үшін қаншалықты тиімді? Үлесті қарызға алмастырып алмастырып жатқан жоқпыз ба?
ERG-дегі Қазақстан өкілі, «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов ұсталып, істі болып жатқан кезде алпауыт холдинг екіге бөліну туралы шешімін жариялады.
Қазақстандағы өндірістер ERG Kazakhstan құрамында қалмақ. Ал шетелдегі активтер ERG International компаниясына біріктіріліп, оны Ибрагимовтар отбасы толық иеленбек. Компания мұны қазіргі акционерлер арасындағы қайта құрылымдау ретінде түсіндірді. Бірақ активтермен бірге қарыздың қалай бөлінетіні, тараптар бір-біріне қосымша ақша төлей ме, осы жағы ашылған жоқ.
Тақырыпқа орай: Акция анда-мында. ERG НЕГЕ 1,7 триллион теңгеге бағаланды?
Nege.kz дереккөзі «Шухрат Ибрагимов дер кезінде, әдемі кетіп жатыр» дейді. Себебі, ERG-дің Қазақстандағы бөлігінің жүктемесі артуда және жұмысшылар алдындағы әлеуметтік міндеттері тым көп. Осы кезде, Африкадағы өндірістер өз EBITDA-сын жәймен өсіріп келеді. Кәсіпорынның Қазақстанда емес, Африкада болғаны анағұрлым тыныш.
Nege.kz бұған дейін мемлекеттің ERG-дегі 40 пайыз үлесі «Самұрық-Қазынаға» 697,7 миллиард теңгеге бағаланып өткізілгенін жазған болатын. Сол есеппен бүкіл топтың капиталы шамамен 1,74 триллион теңге болып шықты. Бірақ қордың есебінде активтер мен міндеттемелердің әділ құнын анықтау аяқталмағаны көрсетілген еді. Енді сол бағалау нақтыланып үлгерместен, бағаланатын бизнестің өзі өзгергелі отыр.
Қазіргі акциялар ара-қатынасын алсақ «Самұрық-Қазынада» 40 пайыз, Шахмұрат Мүтәліпте 39,3 пайыз, Ибрагимовтар отбасында 20,7 пайыз бар. Егер Ибрагимовтардың үлесі қазақстандық бөліктен толық шығарылып, қалған екі акционердің осы пропорциясы сақталса, мемлекетке 50,44 пайыз, Мүтәліпке 49,56 пайыз тиеді. Бұл NEGE-нің шартты есебі. Түпкілікті үлестер әлі жарияланған жоқ.
ERG-дің 2025 жылғы тұрақты даму шолуына сәйкес, топтың базалық EBITDA көрсеткіші 2,116 миллиард доллар болған. Соның 24 пайызын Африкадағы кәсіпорындар берген. Шамамен 508 миллион доллар. Әрине, EBITDA таза пайда емес. Одан пайыздар, салықтар және өзге шығындар шегеріледі. Дегенмен шетелдік кәсіпорындардың топ үшін елеулі табыс көзіне айналғаны көрініп тұр.
Қазақстан бөліну кезінде осы бизнестен бас тартса, оның орнына алатын үлесі мен ықтимал өтемақысы соған сай бағалануы тиіс. Мәселенің ең күрделі тұсы қарызға келгенде басталады. Financial Times өз дереккөздеріне сүйеніп, Ресеймен және ресейлік банктермен байланысты қарыздар қазақстандық тарапта қалуы мүмкін екенін хабарлады. Алайда мұндай шарттың ресми құжаттары жарияланған жоқ.
2025 жылдың басында ERG-нің ВТБ мен Сбербанк алдындағы қарызы 4,7 миллиард доллар шамасында болатын. Қолдағы жаңа есеп бойынша, ERG 2025 жылы кредиттік келісімдер арқылы 610 миллион доллар алып, 774 миллион доллар берешегін өтеген. Яғни таза өтеу көлемі 164 миллион доллар болған. Корпорация қанша төлегенін көрсеткенімен, жыл соңында жалпы қанша қарызы қалғанын осы шолуда ашпайды. Оның ішінде ВТБ мен Сбербанкке тиесілі бөлігі де бөлек берілмеген. Бірақ кемінде 4 миллиард доллар қарыз екені түсінікті.
Осы қарызды кім төлейді? Қазақстан мен Шахмұрат Мүтәліп пе, әлде Шухрат Ибрагимов та ат салыса ма? Мәселе сонда.